Елімізде балалар қауіпсіздігі үшін «Терезе-SAFE» ауқымды науқаны іске қосылды

Depositphotos.com
Depositphotos.com

Науқанның негізгі элементі- әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» ережесін енгізу

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Қазақстан балалары» тұжырымдамасын іске асыру аясында елімізде «Терезе-SAFE» ауқымды ақпараттық науқаны басалды. Бастаманың мақсаты жазатайым оқиғалардың алдын алып, балалардың терезеден құлауына жол бермеу. Статистикаға сүйенсек, 2025 жылдың қорытындысы бойынша мұндай оқиғалар 2023 жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артқан. Қауіп тобында негізінен 2 мен 5 жас аралығындағы бүлдіршіндер тұр, - деп хабарлайды Almaty.tv. ҚР Оқу-ағарту министрлігіне сілтеме жасап.

Науқанның негізгі элементі- әр отбасының күнделікті өміріне «Қауіпсіздік минуты» ережесін енгізу. Ережеге сәйкес ата-аналар күн сайын үй ішін қысқаша тексеріп шығу әдетін қалыптастыруы керек. Тексеру кезінде терезе бұғаттағыштарының беріктігіне және терезе алдында бала шығып кететін жиһаздың тұрмауына баса назар аудару қажет. Басты мақсат -әрбір ата-ананың бойында тұрмыстық қауіпсіздік дағдысын қалыптастыру.

Науқан аясында өңірлерде атқарылатын іс-шаралар:

Білім беру саласында:

Мектептер мен балабақшаларда «Қауіпсіз үй» тақырыбында сабақтар мен арнайы мамандардың қатысуымен ата-аналар жиналысы өткізіледі.

Тұрғын үй секторында:

Үй басқарушыларымен және белсенді тұрғындармен бірлесіп, терезелерге арнайы құлыптар орнату және қауіпсіздік ережелері жазылған ақпараттық парақшаларды тарату жұмыстары ұйымдастырылады.

Денсаулық сақтау саласында:

Жаңа туған нәрестелерді патронаждық тексеру кезінде медицина қызметкерлері үй ішіне шағын «қауіпсіздік аудитін» жүргізіп, ата-аналарға нақты кеңестер береді.

Науқан мемлекеттік органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, жұртшылық пен БАҚ-тың тығыз ынтымақтастығы арқылы жүзеге асады. Бірлескен күш-жігер ересектердің бала өміріне деген жауапкершілігін арттырып, әр үйде қауіпсіз орта құруға бағытталған. Бұл жұмыс еліміздің барлық өңірінде балалар қауіпсіздігінің біріңғай стандарттарын қалыптастыруға және жарақат алу қаупін жүйелі түрде азайтуға мүмкіндік береді.

Оқи отырыңыз: Жазғы каникул: оқушылар демалыста ЖИ мен робототехника негіздерін меңгереді

Новости партнеров