Шымкентте астыртын интернет-казиноның қызметіне тосқауыл қойылды

Depositphotos
Depositphotos

Қазақстан мен өзге елдердің ойыншылары мобильді қосымша арқылы құмар ойындарға қатысқан

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Шымкент қаласы бойынша Қаржылық мониторинг агенттігінің департаменті заңсыз ойын бизнесімен айналысқан қылмыстық топтың қызметіне тосқауыл қойды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тергеу деректері бойынша, Шымкент тұрғыны мобильді қосымша арқылы жұмыс істейтін астыртын интернет-казиноның жұмысын ұйымдастырып, үйлестірген. Қылмыстық схемада «Техас холдем» покер ойынына арналған қосымша пайдаланылған, онда Nomad деп аталатын желіге біріктірілген «Vendetta» және «AMG600L» ойын клубтары құрылған.

Клубтардың тәулік бойы жұмыс істегені және Қазақстанмен қатар Өзбекстан мен Қырғызстан секілді елдердің ойыншыларын тартқаны анықталды. Аудиторияны кеңейту үшін мессенджерлер, жаппай хабарламалар тарату және бонустық жүйелер қолданылған.

Ойыншылар өз шоттарын банктік аударымдар арқылы толтырып, оның орнына ойынға қолжетімділік беретін виртуалды фишкалар алған. Ұйымдастырушылардың табысы әрбір ойын үстелінен алынатын 3-5 пайыздық комиссия есебінен қалыптасқан. Қаржы ағындарын жасыру үшін шетел азаматтарын қоса алғанда, «дропперлердің» банктік шоттары пайдаланылған. Оларға шоттарын ұсынғаны үшін 100-ден 200 мың теңгеге дейін сыйақы төленіп отырған.

Аталған шоттар бойынша жалпы айналым 557 миллион теңгеден асқан. Ұйымдастырушының үйіне тінту жүргізу барысында есірткі заты да табылып, тәркіленді. Екі күдіктіге қатысты үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

Қаржылық мониторинг агенттігі заңсыз құмар ойындарға қатысу үлкен қаржылық тәуекелдерге әкелетінін ескертеді. Ойыншылардың кейбірі 30 миллион теңгеге дейін қаржысынан айырылған.

Новости партнеров