Шығарма Байділдә Айдарбектің пьесасына негізделіп қойылды
Түркістанда италиялық режиссер Карло Шакалуга ән әлемінің падишасы Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығына негізделген «Вальс королі» қойылымын сахналады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Аталған спектакль Түркістан музыкалық драма театрында 4 күн бойы аншлагпен өткен. «Ән ағаның» әуелеген әнмен өрілген тағдырын көрермен 2 сағат бойы тапжылмай отырып тамашалады. Көрерменнің жүрегін тербеген туындыда Шәмшіні бір емес, үш бірдей актер сомдаған
"Шәмші екеуміздің бала кезіміз бір-біріне ұқсас. Шәмшінің әкесі өнерді таңдағанда қарсы болады. Ол ұлының зоотехник болуын қалайды. Бірақ Шәмші әнші, композитор болуды армандап, өнерге бет бұрады. Дәл осы жағдай менде де болған", – деді актер Қадыржан Төреханов.
Шығарма Байділдә Айдарбектің пьесасына негізделіп қойылды. Аталған туындыда әр әннің шығу тарихы анық көрсетіледі. Театр ұжымы да композитордың үздік әндерін жанды дауыста орындап, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады.
"Әрбір әннің шығу тарихын, еліміздің әнұранына айналған «Менің Қазақстаным» қандай жағдайда туғанын баяндайды. Кейінгі жас ұрпаққа Шәмші Қалдаяқов деген ұлы композитордың өмірімен қатар, шығармашылығын түсіндіретін қойылым деп айтсам болады", – деді ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлия Бөпежанова.
Оқи отырыңыз: Димаш Құдайберген ізгі ниет елшісі болып тағайындалды