Көпшіліктің айтуынша, «Даму бала» бағдарламасы аясында бөлінетін қаржының түспегеніне 2 жыл болған
«Даму бала» төңірегінде тағы дау. Бұл жолы атыраулық бір топ кәсіпкер шу шығарды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Олар «екі жылдан бері ваучерлік жүйедегі кезек жылжымай, ал бөлінуі тиіс қаражат берілмей отыр» дейді. Бизнес иелері шенеуніктерден мәселені шешіп беруді сұрайды. Тығырыққа тірелген елуден аса кәсіпкер ала таңмен әкімдік алдына жиналып, наразылығын білдірді. Көпшіліктің айтуынша, «Даму бала» бағдарламасы аясында бөлінетін қаржының түспегеніне 2 жыл болған.Салдарынан бизнесіміз тұралап, келетін бала саны да азайған.
«100-ден астам баланы қамти аламын. Әлеуметтік желіде ата-аналар өте көп шығады. Бірақ біз қамти алмай отырмыз. Қосымша бапкер алып, көп баланы қамтуға қауқарымыз жетеді. Ары қарай баланың көрсеткіштері де өседі», – деді кәсіпкер Ақылбек Мұқанов.
«Маған біраз оқушы келеді. Олардың өзі жылдап, екі жылдап кезекте тұрып, тіркелген. Енді мына жүйе тоқтаған соң, жұмысымыз дұрыс жүрмей жатыр. Қиындық тудырып тұр», – деді кәсіпкер Әйгерім Рахимбаева.
Көпбалалы ата-аналар үшін де бұл қиындық тудырып отыр. Өйткені ұл-қыздарын спортқа немесе өнерге баулу қып-қызыл ақша.
«Осы уақытқа дейін ваучер күтіп екі балам да кезекте тұрды. Қазір біреуі барып жүр. Бұған дейін тегін барған. Әр үйірме, әр сабақ қалтаға салмақ, қымбат», – деді ата-ана Айнұр Жансариева.
Ал шенеуніктер мәселені шешу үшін жаңа бағдарлама әзірлеп жатқанын жеткізді.
«Лира» бағдарламасын әзірлеп жатырмыз. Біріншіден, кезекті, екіншіден, қызмет көрсетушілерді тіркеуді ұйымдастырады. Жасалған жұмыстың құжатын алып, ақшасын аударамыз», – деді Атырау облыстық Білім беру басқармасының басшысы Марат Әбуов.
Айта кетейік, «Даму бала» бағдарламасы 2021 жылы іске қосылған. Жоба арқылы 6 жастан 16 жасқа дейінгі балалар спорт секциялары мен өнер үйірмелеріне тегін қатысады.
Оқи отырыңыз: Тіс емдеуге барып, көз жұмды: істі Ресей консулдығы бақылап отырады