Риддердегі су жүйесіне тіршілік нәрі таудан тікелей ағады
ШҚО-дағы Риддер қаласының коммуналдық жүйесі алғашқы аязға төтеп бере алмады. Су құбырларына мұз қатып, жұрт 3 күн бойы тіршілік нәрінсіз отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қыстың алғашқы күндері Риддер тұрғындары үшін оңайға соқпады. Күн райының күрт суытуы мен үш күннен бері тоқтаусыз жауған қар коммуналдық қызметтің жұмысын қиындатып, жолдарды тазалауға мұрша бермей жатыр. Сондай-ақ құбырлар істен шығып Полярное мен Таловка шағынаудандарының мыңға жуық тұрғыны сусыз қалды. Кейіннен мәселе ушығып, қаланың көп бөлігі тіршілік нәрінен тарыққан.
"Риддер қаласында су құбыры жарылып, төтенше жағдай болды. Кейбір аудандарда 2-3 күн болды су жоқ. Көпқабатты үйлерде су қысымы аз. Құбырды ауыстырғалы 2 жыл болған. "Востоквзрывпром" ЖШС қай жердің құбырын ауыстырады, біз сол жерді қайта жөндейміз", – деді қала тұрғыны Назар Асайынов.
Риддердегі су жүйесіне тіршілік нәрі таудан тікелей ағады. Кіші Оба су қоймасында жиналып, Громотуха өзені арқылы су тарту стансасына жеткізіледі. Қақаған суық пен қардың көп жаууынан су тарату жүйесіне мұз қатып, оның келуін тоқтатқан.
"Жерасты су тарту жүйесі де қосылған. Бірақ бүкіл қаланы қамтамасыз ете алмайды. Орталықтағы көпқабатты үйлер жерасты суымен қамтамасыз етілген, ал жеке сектордағы Таловка, Гавань аудандары, бірінші, алтыншы кварталдар және орман шаруашылығы аймақтары жүйемен қамтамасыз етілмеген", – деді Риддер қаласы ТҮКШ бөлімінің жетекшісі Рауан Құрметұлы.
Жергілікті әкімдіктің мәліметінше, коммуналдық қызметтер тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Қар мен мұзға бітелген құбырларды қолдан ерітуге тура келеді, ол үшін мамандар жүк көліктерімен қайнаған суды тасымалдайды. Бүгін жағдай тұрақталып, кейбір аудандарға су берілді. Қала резервіндегі жерасты жүйесі негізгі су көзіне қайта қосылды. Алайда мұндай жағдайдың қайталанбайтынына кепіл жоқ. Себебі жергілікті құбыр жүйесі табиғат құбылыстарына тәуелді. Бір жыл бұрын қар көшкінінен кейін риддерліктер бірнеше күн тіршілік нәрінсіз қалған.
Әйкерім Пернебек, Руслан Мухамедьяров, ШҚО
Оқи отырыңыз: Жантүршігерлік апат: әкесі мен ұлынан айырылған азамат әділдік іздейді