Жол-көлік апаты 18 шілдеде Алматы-Өскемен күре жолында болған
Жетісу облысында әкесі мен жалғыз ұлынан айрылған азамат құзырлы органнан әділдік сұрайды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Әкесі мен жалғыз ұлынан айрылған Нұрлыбек Әлімбайұлы арада 4 ай өтсе де қайғылы жағдайдың анық-қанығын біле алмай жүр. Белгілісі, апат 18 шілдеде Алматы-Өскемен күре жолында болған. Жүк көлігімен соқтығысқан Mazda көлігінің сау -тамтығы қалмаған. Ал темір тұлпарды тізгіндеген әкесі мен мен жанында отырған баласы сол жерде тіл тартпай кеткен.
"Алакөл ауданынан келе жатқан. Жүк көлігі әкемнің жолына шығып кеткен. Заңды түрде жүргізушіні жауапкершілікке тартуды талап етеміз", – деді марқұмның туысы Нұрлыбек Әлімбайұлы.
Апаттың өте ауыр болғанын желіге жарияланған бейнежазбадан байқауға болады. Төтеншеліктер 73 жастағы қарияның денесін көлікті арнайы құрылғымен кесіп алу арқылы шығарған. Жергілікті полиция қызметкерлері болса, қайғылы хабарды туыстарына 4 сағаттан кейін айтқан.
"Күмәнім бар. Өйткені кісі қайтыс болған кезде екі жақтың адамдарын жақындарын шақыру керек. Төрт сағаттан кейін әбден тазалап, бәрін реттеп болғаннан соң, звондап отыр. Осы уақытқа дейін құқық қорғау орындарынан ешқандай хабар жоқ. Бәрі белгілі нәрсе... Қайда барып, кімнен көмек сұрайтынымызды ұқпаймыз?" – деді марқұмның туысы.
Заң бойынша қылмыстық іс 2 айдың ішінде қаралуы керек. Ал бұл оқиғаның болғанына 4 айға жуықтапты. Алайда Қылмыстық кодекстің 345-бабы 4-бөлігі бойынша қозғалған іс әлі аяқталмаған. Ал полицейлер қосымша сараптама тағайындалып, оның нәтижесі ұзақ уақытта дайын болуына байланысты істің мерзімі үзілгенін айтты.
"Себебі іс бойынша жол-көлік оқиғасы және техникалық жағдайы сараптамасы тағайындалған. Жол-көлік оқиғасы қиын болғандықтан тексеру ұзаққа созылды. Сараптаманың қорытындысы дайын, бірақ жәбірленушінің өкілдері келіспей жатыр. Сол себепті екінші сараптама тағайындалды", – деді Полиция департаментінің аға анықтаушысы Бауыржан Тайлақбаев
Жүк көлігінің жүргізушісінен жауап алынған. Қарашаның соңында сараптама қорытындысы дайын болғанда кімнің күдікті екені анықталмақ.
Меруерт Сабыртай, Мирас Анитов, Жетісу облысынан
Оқи отырыңыз: Қарағанды облысында жол апатынан 7 адам қаза тапты