Шымкентте 10-нан аса қылмыстық топ ұсталды

15.10.2024 15:03

Ішкі істер органдарына 35 адам жеткізіліп, қару-жарақ пен оқ-дәрі де тәркіленген

Биыл Шымкент қаласында аса ауыр қылмыс жасады деген күдікпен 10-нан аса топ ұсталды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ойын-сауық мекемелерінің үстінен қарап, бопсалау мен бұзақылыққа жол берген, қаруды заңсыз сақтаған жастар бар. Сондай-ақ Шымкент кәсіпкерлерін бопсалаған тағы бір топ анықталған. Олар 3 миллион теңгеге дейінгі қаражатты заңсыз жолмен алып отырған. Келіспегендерге физикалық, моральдық қысым көрсеткен. Аталған фактілер бойынша Ішкі істер органдарына 35 адам жеткізіліп, қару-жарақ пен оқ-дәрі де тәркіленген.

"Биыл Шымкент қаласында қылмыстық топтардың жолын кесу барысында 30-дан астам атыс және травматикалық қару, оның ішінде бір Калашников автоматы, 15 шолақ мылтық, 11 тапанша, екі винчестер және мыңнан астам оқ-дәрі тәркіленді. Өңірлерде «заң және тәртіп» қағидатын қамтамасыз ету бойынша жұмыс ерекше бақылауда", – деді ҚР ІІМ Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің өкілі Қуандық Алпыс.

Оқи отырыңыз: Талғардағы қанды оқиға: полицейлер төбелестің қалай басталғанын бейнежазбадан көрсетті