Ысыраптың салдары: Шамадан тыс жүктеме электр қуатының жиі өшуіне әкелуі мүмкін

12.06.2026 21:46

Елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді

Елімізде электр энергиясын тұтыну көлемі жыл сайын артып келеді. Орта есеппен алғанда, көрсеткіш жыл сайын 2-4 пайыз өседі, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Бүгінде электр энергиясын оңды-солды тұтыну өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Олардың біразы көмір, мұнай, газ сияқты табиғи ресурстар арқылы өндіріледі. Ал қуат көзін көп пайдалану қорлардың тез сарқылуына әкелуі мүмкін. Жарықты тұтыну көлемі өсе берсе, желілерге түсетін жүктеме артып, энергия тапшылығы немесе электр қуатының жиі өшуі сияқты мәселелер туындауы ықтимал.

Еске салсақ, елімізде бұған дейін энергия тиімділігін арттыруға бағытталған «Энергия үнемдеу-2020» бағдарламасы жүзеге асырылған. Алайда 2016 жылдың шілдесінде Үкімет қаулысымен оның күші тоқтатылды. Десе де, қазір жаңа бағдарламалар іске қосылған.

«Электр энершиясын үнемдеу Қазақстан Республикасының Президенті бекіткен 2023 пен 2029 жылдары аралығына арналған энергия тиімділігін арттыру тұжырымдамасы аясында жүзеге асырылуда. Бұл тұжырымдама бюджеттік секторды, өнеркәсіпті, тұрғын үй коммуналдық шаруашылықты, көлікті және экономиканың өзге де салаларын қамтиды. Қазақстан Республикасының өнеркәсіп және құрылыс министірлігі бекіткен энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жайында іс шаралар қолға алынды», – деді«Ұлттық энергия үнемдеу орталығы» АҚ Энергия үнемдеу саясатын дамыту департаментінің менеджері Асхат Құрманбаев.

Айта кетейік, тек тұрғын үйлерге ғана емес, көшедегі LED экрандарға да біршама электр энергиясы жұмсалады.

«Ірі LED экран мен жарықтандырылған жарнамалық нысандар тәулігіне ондаған немесе жүздеген киловатт электр энергиясын тұтынуы мүмкін. Бір нысанның тұтынуы жалпы қалалық көлемде үлкен үлеске ие болмауы мүмкін. Алайда олардың саны көп болған жағдайда жиынтық тұтынуы айтарлықтай өседі. Сондықтан мұндай нысандарда энергия тиімді жабдықтарды пайдалану және жұмыс уақытын реттеу маңызды.

Кейде адамдар үйден шығарда жарықты сөндіруді, ұйықтарда қуаттағыштарды тоқтан ажыратуды ұмытып кетеді. Тіпті бұған мән  бермей, бей-жай қарайтындар да бар. Ал тұрмыстық құрылғылар өшірулі тұрса да оларға электр энергиясы жұмсалатынын естен шығармаған абзал. Бұл ретте жастар мұның бәрі ысырап екенін жіті түсініп келеді.

«Үнемдеу формулалары өте жеңіл, қарапайым. Үйден шыққанда жарықты өшіріп кетуі. Сонымен қатар, энерго көзін үнемдейтін батареялар бар. Олар ысырап етпейді. Соларды пайдаланып жүру керек деп ойлаймын», – деді қала тұрғыны Айдос Хамидулла.

Қазақстанда электр энергиясының тарифі Еуропа елдерімен салыстырғанда әлдеқайда арзан. Мәселен елімізде тұрғындар бір киловатт-сағат электр энергиясы үшін орта есеппен 20-40 теңге аралығында төлесе, Кәрі құрлықтағы орташа баға 150 теңгеге жуық. Ал Германияда бұл көрсеткіш 200 теңгеден, Ирландияда 250 теңгеден асады.  Яғни, Қазақстандағы жарық бағасы Еуроодақтағы орташа бағадан шамамен 4–7 есе арзан. Десе де мамандар «жарық арзан екен деп, ысырапшылдыққа бой алдыруға болмайдыдеп отыр.

«Қарапайым қыздыру шамы 60 ватт сағатына энергия жұмсайды. Егер сағат 7 ден 9:00-ден сағат 23:00-ге дейін 4 сағат жанып тұратын болса, сағатына 240 ват электро энергиясын тұтынады. Ал оны 1 айға есептейтін болсақ ол 7200 ват болады. 1 киловатт электр энергиясы 32 теңге шамамен 32 теңге, ол арзан. Қытайда 38 теңге, АҚШта 90 теңге, Европа елдерінде 160 теңге. Яғни Европа елдерінде бізден 5 есе көп  Аз-ақ екен деп ысырапшылыққа салуға болмайды», – деді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, физика-математика ғылымдарының кандидаты Мерлан Досболаев

Электр энергиясын үнемдеу – тек отбасылық бюджетті сақтау ғана емес. Бұл тапшылықтың алдын алуға, электр стансаларына түсетін жүктемені азайтуға және жаңа қуат көзін өндіруге кететін шығындарды қысқартуға көмектеседі. Нәтижесінде, елдің энергетикалық тұрақтылығы мен қауіпсіздігі арта түспек.

Айдана Шалқар, Жақсылық Тілепберген, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Ақтаудағы құрылыс дауы: тұрғындар тағы да жарықсыз қалудан қорқады