Динара Сайдалина Гиннес рекордтар кітабына енбек
Алматының Жетісу ауданында өткен мерекелік іс-шарада түрлі спорт сайысы ойнатылып, әлемдік рекорд орнатылды. Динара Сайдалина есімді спортшы түйе үстінде шауып келе жатып жамбы атып, садақ оғын 4 нысанаға дәл тигізді. Енді оның есімі әлемдік Гиннес рекордтар кітабына енбек, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Динара Сайдалина – бүгінгі мерекенің ең маңызды кейіпкері. Мерген қыз түйе үстінде шауып келе жатып, 100 метр қашықтықта орналасқан 4 нысананы көздеп, үздік деп танылды. Алғашқы айналымда садақ оғы үш нысанаға тиді. Ал екінші шабыста Динараның қырағы көзі мен жылдамдығы әлемдік деңгейде рекорд орнатуға көмектесті.
«Түйе шаппайды, жай жүреді деп білеміз. Бірақ түйені шабады, 3 айдай болды дайындап жатқанымызға.Дубайдан арнайы мамандар келді, лазермен уақытын секундын өлшейді. Бұл – қазақ елі үшін үлкен жетістік», – деді «Топжарған» этно-мәдени орталығының басшысы Ғабит Таңатов.
Гиннес рекордтар кітабы тағы бір есіммен толықты. Ернар Жасұзақ есімді жас спортшы шауып келе жатқан аттың үстінде тік тұрып, сағатына 60 шақырым жылдамдықпен 500 метр қашықтықты еңсерді. Мерекелік іс-шара әрі қарай ұлттық спорт түрлерімен жалғасты. Асық ату, ләңгі тебу, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, қол күресі, көкпар секілді ұлттық ойындар ұйымдастырылып, мерекелік атмосфера одан әрі жандана түсті.
Наурыздың көркін келтіретін көкпар ойыны өтіп жатыр. Дүбірлі додада «Жетісу», «Алатау», «Қарасай», «Ұлттық ат спорт түрлері клубы» сынды төрт команда бақ сынасуда. Ойын қарқыны да, бәсеке де өте жоғары . Қазір есеп 4:2, жеңіс әзірге «Қарасай» шабандоздарының еншісінде.
«Команда құрамы 5 адамнан тұрады. Он минуттан тайм қойып жатырмыз Көкпар ойынындағы әділқазылар – клубтың ересек спортшылары. Олар Қазақстан республикасының көкпар ережесіне сай төрелік етеді», – деді қалалық Ұлттық және ат спорты түрлері клубының жетекшісі Нұрлан Оспанов.
Бұдан бөлек, 14 пен 15 жас аралығындағы балалар арасында қазақ күресі ұйымдастырылды. Ұлттық спортқа Алматы қаласының 8 ауданынан жиналған 200-ге тарта жасөспірім қатысып, жеңіс үшін таласқа түсті.
«Балалар 7 салмақ дәрежесі бойынша бақ сынасады. Үздіктері бағалы сыйлықтармен, медаль, грамоталармен марапатталады. Қазақ күресі әлем бойынша және Қазақстан ішінде қарқынды дамып келеді. Күресімізді қазақ күресі ассосациясы бекіткен ережесі бойынша бағалаймыз. Жарыста Алматы қаласы Ұлттық ат спорт түрлерінің төрешілері төреліе етеді», – деді қазақ күресінің бапкері Руслан Мәмеш.
Сағат 11:00-де басталған мерекелік іс-шараның арты ән-шашуға ұласты. Алаңға жиналған тұрғындар да ұлттық ойындарға белсене қатысып, сыйлықтан құр қалмады.
Айдана Шалқар, Рашиддин Якупов
Оқи отырыңыз: Ұлттық нақышта безендірілген ерекше аула: шымкенттік отбасы қазақ үйде тұрып келеді