Жәрдемақы тағайындауда табыс пен шығыс қатар ескеріледі: жаңа тәртіп қашан күшіне енеді
Қазақстанда енді әлеуметтік көмек алатын азаматтардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәлімет мемлекеттік органдарға беріледі
Қазақстанда енді әлеуметтік көмек алатын азаматтардың банк шоттары мен депозиттері туралы мәлімет мемлекеттік органдарға беріледі. Жаңа тәртіп келесі жылдан бастап күшіне енеді. Мұндай ақпаратты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Құрылтай отырысында мәлімдеді,
Оның айтуынша, банктер ақпаратты тек көмек алушы мен оның отбасы мүшелерінің келісімімен ұсынады. Асқарбек Ертаев жәрдемақыны тағайындау кезінде азаматтардың табысы ғана емес, шығыстары да ескеріледі деп отыр. Отбасының тұрмыстық жағдайы Цифрлық отбасы картасы арқылы бағаланады.
Жүйе 30 мемлекеттік дерекқордан ақпарат алып, жұмыспен қамту, табыс, мүлік, несие берешегі және білім сияқты 8 бағыт бойынша 50-ден астам көрсеткішті талдайды.
"Мәліметтер күн сайын жаңартылып отырады. Ал отбасының санаты ай сайын айқындалады. Мысалы, егер отбасы қазан айында «Б» санатында болып, белгілі бір тәуекелдердің салдарынан желтоқсан айында «С» санатына ауысса, мұндай үй шаруашылығына мемлекеттік қолдау шаралары проактивті форматта, яғни азаматтардың жеке өтінішін күтпей-ақ ұсынылады. Бұл отбасы туралы мәліметтерді тұрақты түрде жаңартып отыруға, оның материалдық және әлеуметтік жағдайын ескеруге, сондай-ақ әл-ауқат деңгейіндегі өзгерістерге уақтылы ден қойып, тиісті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді", - деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев.
Оқи отырыңыз: Үкімет әлеуметтік көмекті мұқтаж азаматтарға бағыттауды көздейді