Жамалған еден, тозығы жеткен жатын орын: Ақтаудағы балалар медициналық орталығы жаңа ғимарат керек

2028 жылы пайдалануға беріледі деген жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары әлі дайын емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жамалған еден, тозығы жеткен жатын орын. Ақтаудағы балалар ауруханасы әбден тозған. 1978 жылы салынған облыстық көпбейінді медициналық мекеме 82 пайыз ескіріп кеткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде 75 мыңнан астам қаралым жинаған бейнежазба авторы балалар ауруханасының мүшкіл хәлін көрсетті. Мәселен палата ішінде телефон қуаттауға мүмкіндік жоқ. Науқастар гаджеттерін дәлізде толтыруға мәжбүр. Ал аурухана басшылығы ғимараттың 82 пайыз тозғанын растап отыр. Тіпті күрделі жөндеудің өзі мәселені түбегейлі шешпейтініні айтты.

«Аурухана күрделі жөндеу жұмысына 2017 жылы өткен. Одан кейін жөнделмеді. Қазіргі таңда жаңа аурухананың құрылысына эскиз жұмыстары жүріп жатыр. Әрі қарай жобалық-сметалық құжаттары жасалып, экспертизаға жолданатын болады. Жалпы жаңа аурухананы 2028 жылы қолданысқа беру жоспарланып отыр», – деді Маңғыстау облыстық Көпбейінді балалар ауруханасының директоры Жанар Досжанова.

Ақтау тұрғыны Айсауле Шамурадова осыдан үш күн бұрын баласын емдетуге әкелген. Ол аурухана ескі болса да, жатып ем қабылдауға мәжбүр екенін айтты.

«Медициналық қызметке көңіліміз толып жатыр. Медбикелер уақытында укол салып, дәрісін береді. Төсектері, асханасы, туалеті - барлығы ескі. Жаңа аурухана керек балаларға арналған», – деді қала тұрғыны Айсәуле Шамурадова.

Мәселенің түбегейлі шешімі – жаңа ғимарат салу. 2028 жылы пайдалануға беріледі деген жаңа нысанның жобалық-сметалық құжаттары әлі дайын емес. Әзірге тәулігіне 350-ге жуық балаға медициналық көмек көрсететін аурухана бұрынғы ғимаратында жұмысын жалғастыра бермек.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрдәулет, Ақтаудан

Оқи отырыңыз: Астанада құрылыс компаниясы қызметкерлерінің алаяқтық схемасы әшкереленді