Биыл өңірде тілсіз жаудың кесірінен 14 адам уланып, бесеуі қаза тапқан
Оңтүстік өңірлерде өрттің алдын алу шаралары күшейді. Жамбыл облысында биыл 800-ге жуық өрт болған, деп хабарлайды Almaty.tv.
Салдарынан материалдық шығын көлемі 90 миллион теңгеден асқан. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 16 пайыз көп. Төтеншеліктердің айтуынша оқыс оқиғалардың басым бөлігі жеке сектордағы тұрғын үйлерде болады. Биыл өңірде тілсіз жаудың кесірінен 14 адам уланып, бесеуі қаза тапқан. Ал оттың тұтануына көбіне ескі электр сымдарының қысқа тұйықталуы мен пешті дұрыс пайдаланбау себеп.
«Тамақ жылытатын, жеделткіш сапасы нашар. Оның бәрін есепке алмайды. Бірақ бұрынғы ескі токтың үстінен қосып, пайдалана береді. Соның себебінен өрт жағдайлары болып жатыр. Уақытылы ауыстырып отырса өрт болмайды», – деді Жамбыл электр желілері мекемесінің маманы Дархан Иманәлиев.
Қайғылы жағдайды болдырмау үшін төтенше жағдайлар департаменті күнделікті рейд ұйымдастырып жатыр. Мәселен бүгін арнайы топ өкілдері Қайнар, Ақжол және Тастақ тұрғын үй алабтарын аралап, жұртқа қауіпсіздік талаптарын түсіндірді. Рейд барысында біраз баспанадан техникалық ақаулар анықталды. Кейбір үйдің мұржасы бітелсе, енді бірінде ескі пеште жарықша бар, ал өзгелерде желдету жүйесі мүлдем жоқ.
«Жылыту маусымына дайындық кезеңінде Жамбыл облысында 450 улы газдан қорғау датчиктері орнатылды. Жергілікті органдардан әлеуметтік осал топқа жататын отбасылардың тізімін алып, қажеттілігіне байланысты үйлерге аталған датчиктер орнатылуда», – деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Дархан Қалдырбек.
Оқи отырыңыз: Ұлытау облысында Геологиялық кластер іске қосылды