Қазір қайтыс болғаны туралы куәліктің күшін жою үшін сот үкім шығарды
Жамбыл облысында бақилық болды деп жерленген зейнеткер 3 айдан соң үйіне қайтып оралды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тірілер тізімінен табылмаған қарт ана зейнетақысы түспей қалған соң өзінің марқұмдар қатарында екенін аңғарыпты. Жаға ұстатарлық жағдай Жамбыл ауданында болған. 73 жастағы әйел 2024 жылдың тамызында Тараздағы әпкесінің үйіне көшіп барады. Алайда 10 ай өткен соң балалары анасының жоғалғанын мәлімдеп, полицияға арыз тастапты. Екі айлық іздеуден соң, полицейлер ауыл маңынан бір адамның мәйітін тапқан. Оны зейнеткердің қызы мен немересі өздерінің анасы деп танып, артынша жерлеу рәсімін өткізген. Бірақ 1 ай өткен соң, ізім-ғайым жоғалды деген зейнеткердің өзі үйіне келген. Қазір қайтыс болғаны туралы куәліктің күшін жою үшін сот үкім шығарды. Ал зейнеткер сот кезінде пияз жинауға кетіп, әріптесінің үйінде уақытша тұрғанын мәлімдеген.
«Жамбыл аудандық соты табылған дененің басқа адамның денесі екенін анықтады. Полиция денені эксгумация жасап, қайта сот-медициналық және генетикалық сараптама тағайындады. Қайтыс болған адамның жеке басы анықталып, қылмыстық іс тоқтатылды. Талап қоюшы жоғалған анасының кез келген уақытта туыстарына немесе басқа да жерлерге кетіп, ұзақ уақыт үйде болмайтын әдеті болғанын түсіндірді», – деді Жамбыл облыстық сотының баспасөз хатшысы Сымбат Жұлдызбай.
Оқи отырыңыз: Түркістанда 15 жастағы қыздың асқазанынан салмағы 900 грамм шаш шықты