Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы өз өкілеттігін теріс пайдаланған

06.05.2026 16:28

Жалпы сомасы 220 млн теңге берешек өтелді

Аlmaty.tv

Жамбыл облысының прокурорлары жеке сот орындаушысымен мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндіруге тиіс қаражатты жымқыру фактілерін анықтады, деп хабарлайды Almaty.tv.

Атап айтқанда, борышкерлерден өндіріп алынған 3,9 млн теңге сомасындағы қаражат сот орындаушысы өзінің жеке шотына аударып, оны жеке қажеттіліктеріне пайдаланған.

Аталған фактілер Қылмыстық кодекстің 251-бабының 2-бөлігімен (жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы) бойынша қылмыстық істі тіркеуге негіз болды.

2026 жылғы 20 наурызда жеке сот орындаушыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

"Жалпы, осы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша жүргізілген прокурорлық тексерулер мен талдаулар нәтижесінде 168 адам түрлі жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 81 жеке сот орындаушы жазаланды.

Сондай-ақ алимент төлеуден жалтарған 6 тұлғаға қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық істер тіркелді", - делінген прокуратура хабарламасында.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 220 млн теңге берешек өтелді.

Прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырып, атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.

Оқи отырыңыз: Алматыда өрттен зардап шеккен Ұлы Отан соғысы ардагерінің пәтері қалпына келтірілді