Жанәбіловтерге қатысты сот үкімі шықты: блогерлердің адвокаты апелляция берілмейтінін мәлімдеді

Іс бойынша шешімді судья Әділбек Баймаханов жариялап, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада блогер Жанәбіловтерге қатысты сот үкімі шықты. Іс бойынша шешімді судья Әділбек Баймаханов жариялап, айыпталушылардың кінәсі толық дәлелденгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Үкімге сәйкес, Ерболат Жанәбілов 2 жылға шартты түрде сотталып, оның мүлкі тәркіленді. Ал Эльмира Төлегенова 2 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын қауіпсіздігі төмен мекемеде өтеуі тиіс. Дегенмен, оның кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жаза өтеу мерзімі 2 жылға кейінге шегерілді. Сонымен қатар мемлекет пайдасына 8 автокөлік тәркіленді. Тергеу барысында анықталғандай, айыпталушылар өздерінің курстарын сатудан түскен 247 млн теңге көлеміндегі қаржыны толық өтеген.

«Қылмыстық кодекстің 63-бабы 1-бөлігіне сәйкес, Жанәбіловке тағайындалған 2 жыл бас бостандығынан айыру жазасы шартты деп есептелсін. Осы мерзімге пробациялық бақылау белгіленсін. Төлегеноваға түпкілікті жаза ретінде 2 жылға бас бостандығынан айыру және мүлкін тәркілеу тағайындалсын. Қылмыстық кодекстің 74-бабына сәйкес, Төлегенованың жазасын өтеу 2 жылға, яғни 2028 жылғы 27сәуірге дейін кейінге қалдырылсын», – деді қалалық Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының судьясы Әділбек Баймаханов.

Сот үкіміне сәйкес, сотталушылар 15 тәулік ішінде апелляциялық шағым түсіруге құқылы. Алайда блогерлердің адвокаты Гаухар Айтжанова апелляция берілмейтінін мәлімдеді. Оның айтуынша, тараптар қабылданған шешіммен келісіп отыр. Сонымен қатар Эльмира Төлегеноваға қатысты үкім алдағы уақытта жеңілдетілуі мүмкін екенін де атап өтті.

«Біз апелляциялық шағым бермейміз. Сот Эльмираға жазаны өтеуді екі жылға кейінге қалдырды. Егер осы уақыт ішінде ол ешқандай заң бұзбаса, сот оның өкінгенін және келтірілген залалды өтегенін ескеріп, қалған жазадан толық босатуы мүмкін. Жалпы, сотталушылар жауапкершілікке тартылды, оларға жаза тағайындалды. Ал жазаның шартты түрде белгіленуі немесе кейінге қалдырылуы - заңда, яғни Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерде қарастырылған қалыпты рәсім», – деді адвокат Гаухар Айтжанова.

Оқи отырыңыз: Тірі адамды «өлтірген»: қостанайлық тұрғын 9 күн ресми құжаттарын пайдалана алмаған

Новости партнеров