Жаңа көлігі екі рет істен шыққан алматылық автосалонмен соттасып жатыр

Дилерлік орталық жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Жаңа көлігім бірнеше күннің ішінде 2 рет істен шықты». Осындай жағдайға тап болған Алматы тұрғыны 11,5 миллион теңгеге сатып алған темір тұлпарындағы ақау салоннан шыққан алғашқы күні-ақ байқалғанын айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Әмір Орынбекұлы 10 маусымда Алматыдағы автосалондардың бірінен 11,5 миллион теңгеге су жаңа көлік сатып алған. Қаражаттың жартысынан астамын несиеге рәсімдепті. Алайда салоннан шыға салысымен темір тұлпардың салқындату жүйесінен ақау байқалып, оны техникалық орталыққа қайтаруға тура келген. Мамандар кінәратты жойып, машинаның жүруге жарамды екенін айтқанымен, арада 2 күн өтпей дәл сол мәселе тағы қайталанған. Осыдан кейін тұрғын көлікті кері өткізіп, ақшасын қайтаруға әрекеттенген. Бірақ мәселе созбалаңға түсіп, компания тарапынан бірнеше қосымша талап қойылған көрінеді.

«Заң бойынша 14 күнде сатып алушы алған тауарды қайтара алады. Бірақ дилерлік орталық ешқандай ақпарат көздеріне жарияламауға және сотқа бермеуді талап етіп отыр. Сол кезде ақша қайтарылады. Бірақ ол ақшаның қашан, қай күні, қай уақытта қайтарылатыны белгісіз», – деді қала тұрғыны Әмір Орынбекұлы

Ал дилерлік орталық жағдайдан хабардар екенін мәлімдеді. Компанияның айтуынша, тексеріс кезінде көліктен ақау анықталған және ол кепілдік бойынша жөнделеді. Сонымен қатар, ресми жауап хатта тұтынушыға ұсыныс айтқанын да көрсетіпті.

«Көліктен анықталған ақау кепілдік аясында жөнделеді. Бұған дейін клиентке автокөлікті толық құны бойынша кері сатып алу ұсынылды. Алайда ол заңдық және техникалық себептерге байланысты орындай алмайтын қосымша талаптар қойды. Соған қарамастан,  міндеттетімізден бас тартпаймыз және мәселені екі тараптың келісімімен шешуге дайынбыз», – деді ресми дистрибьютор.

Ал заңгерлердің айтуынша, Әмір Орынбекұлы алдымен автосалонға сотқа дейінгі талап жолдауы керек. Құжатта көліктен анықталған ақауларды нақты көрсетіп, оны қабылдаудан бас тартатынын мәлімдегені жөн. Сондай-ақ темір тұлпарға рәсімделген несие шартын жарамсыз деп тану туралы талап қоюға құқылы.

«Автосалонның орналасқан мекенжайы бойынша дереу сотқа арыз жазуы керек. Сот істі мән- жайын қарайды. Автосалоннан талапкер заңгер жалдаған ақшасын, күнделікті жаңағы моральдік шығынын қоса алады және де мемлекеттік бажды қосады. Демек автосалон шығынға көп есе батады. Сондықтан да заңгер ретінде айтатыным, дауды бейбіт жолмен шешу керек», – деді заңгер Ғабит Өмірбек.

Биыл қаңтар мен маусым аралығында елімізде 105 мыңнан астам жаңа автокөлік сатылған. Мамандар темір тұлпар таңдағанда сауда орталығының ресми дилер екенін анықтап, кепілдік шарттары мен келісімшарттағы әр тармақты мұқият зерделеуге кеңес береді.

Мәди Мәлік. Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Атырауда ойын-сауық құрылғыларын заңсыз жалға беретіндер анықталды