Жаңа Конституция: адвокатура мәртебесі, зияткерлік меншік құқығын қорғау және заңдардың кері күшіне жол бермеу

ҚР Әділет министрлігі
ҚР Әділет министрлігі

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасында адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың заманауи стандарттарын бекіткен жаңа Конституция ресми түрде күшіне енді. Жаңа Негізгі Заң білікті заң көмегін көрсету жүйесін едәуір күшейтетін, зияткерлік меншік құқықтарын қорғауға кепілдік беретін және заңнаманың құқықтық айқындылығы мен болжамдылығын қамтамасыз ететін бірқатар іргелі конституциялық жаңашылдықтарды бекітті, деп хабарлайды Almaty.tv Әділет министрлігіне сілтеме жасап. 

Маңызды жаңашылдықтардың бірі – адвокатура институтының конституциялық деңгейде бекітілуі. Енді Конституцияда адвокатура әрбір адамның білікті заң көмегін алуға және өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға деген құқығын іске асыруға жәрдемдесетіні тікелей айқындалған. Бұл құқықтық көмектің қолжетімділігін арттыруға және қоғамның сот пен құқықтық жүйеге деген сенімін нығайтуға ықпал етеді.

Тағы бір маңызды шешім – зияткерлік меншік құқықтарын конституциялық деңгейде тікелей қорғаудың бекітілуі. Бұл шығармашылық және ғылыми қызмет нәтижелерінің білім экономикасын, креативті индустрияларды және инновациялық секторды дамытудағы маңызды құқықтық әрі экономикалық құндылық екенін айқындайды, сондай-ақ Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.

Елеулі конституциялық жаңашылдықтардың бірі – заңдарға кері күш беруге тікелей тыйым салынуы. Конституцияда қосымша міндеттер жүктейтін немесе жауаптылықты күшейтетін жаңа нормалардың олар күшіне енгенге дейін туындаған құқықтық қатынастарға қолданылмайтыны бекітілген. Мұндай тәсіл азаматтар мен бизнес үшін құқықтық айқындық пен заңнаманың болжамдылығын қамтамасыз етіп, бұрын қалыптасқан құқықтық қатынастарға жаңа талаптардың қолданылу қаупінсіз ұзақ мерзімді шешімдер қабылдауға және өз қызметін жоспарлауға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар бұл конституциялық кепілдік заң шығарушы және құқық қолдану органдары үшін нақты бағдар белгілейді: заңнамадағы кез келген өзгерістер құқықтық айқындық, әділдік және тұлғалардың құқықтық жағдайын кері күшімен нашарлатуға жол бермеу қағидаттарын сақтай отырып қабылданып, қолданылуға тиіс.

Оқи отырыңыз: Тарихи сайлау – Президент Құрылтай сайлауын 23 тамызға тағайындады