Бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа Конституцияның маңызды жетістіктерінің бірі
Жаңа Конституция жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін күшейтеді. Бас прокуратура жаңа Ата заңда енгізілген негізгі өзгерістерге түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ведомство мәліметінше, Конституцияның 18-бабына сәйкес, адам ұсталған жағдайда оған бостандығын шектеудің себептері мен заңда көзделген құқықтары міндетті түрде түсіндіріледі. Сондай-ақ әр азаматтың үндемеуге, қорғаушының көмегіне жүгінуге және ұсталғаны туралы жақын туыстарына хабарлауға құқығы бар.
Бұдан бөлек, Конституцияның 19-бабында адамның өзіне, жұбайына және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу құқығы бекітілді.
Сонымен қатар бір құқықбұзушылық үшін адамды қайтадан қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартуға жол берілмейтіні нақты көрсетілген.
Бас прокуратураның айтуынша, бұл өзгерістер азаматтардың құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған жаңа Конституцияның маңызды жетістіктерінің бірі.
«Ол адам құқықтары мен бостандықтарының кепілдіктерін, құқық үстемдігін және мемлекеттің азаматтар алдындағы жауапкершілігін нығайта отырып, еліміздің конституциялық дамуының жаңа кезеңіне жол ашты. Конституциялық реформаның негізгі бағыттарының бірі – адам құқықтарын қорғауды одан әрі күшейтуге, сондай-ақ жеке бас бостандығы мен әділ сот төрелігінің кепілдіктерін нығайтуға бағытталған», – деді ҚР Бас прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев.
Оқи отырыңыз: Жаңа Конституция: адвокатура мәртебесі, зияткерлік меншік құқығын қорғау және заңдардың кері күшіне жол бермеу