Жаңа Конституция білім мен ұлттық құндылықтарды дамытуға басымдық береді - сарапшылар

Сондай-ақ Ата Заң реформалардың құқықтық негізін бекітіп, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа Ата Заңда білім мен ғылымды дамытуға, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге және отбасы институтын нығайтуға ерекше мән берілген. Сарапшылардың пікірінше, ата-ананың бала тәрбиесіндегі жауапкершілігі мен міндетінің нақты айқындалуы – өскелең ұрпақтың болашағын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадамдардың бірі, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразованың айтуынша, тәуелсіздіктің тұғырын нығайту үшін жастар тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінуі қажет. Оның пікірінше, жаңа Конституцияда бұл мәселеге айрықша назар аударылған.

«Мен білім саласының өкілі болғандықтан, білім мен ғылымға және ұлттық құндылықтарға ерекше көңіл бөлініп жатқанына қуанамын. Бұл – халқымыздың дамуына, өсуіне ықпал ететін, мемлекетіміздің болашағын ойлаған маңызды заң деп түсінемін», – деді Қазақстанның Еңбек ері Аягүл Миразова.

Қоғамдық кеңес өкілдерінің пікірінше, жаңа Конституция қоғамдағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге негіз болатын тарихи құжатқа айналды.

Сондай-ақ Ата Заң реформалардың құқықтық негізін бекітіп, мемлекеттік институттардың тиімді жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.

Сарапшылардың айтуынша, Ұлттық құрылтайдың рөлі артып, елдің дамуына қатысты маңызды бастамаларды талқылауға белсенді азаматтардың қатысуына жол ашылады.

«Бұл басты құжат – қоғам өміріндегі өзекті мәселелердің шешімін тапқан тарихи құжат деп ойлаймын. Әділетті қоғам құру жолында Үкімет пен Президент қолға алып жатқан игі бастамалардың негізгі құқықтық негізі боларына сенімдіміз», – деді Қоғамдық кеңестің мүшесі Марат Қалимолдин.

Оқи отырыңыз: Жаңа Конституцияны жүзеге асыру: Алматыда ауқымды жастар науқаны өтті