Жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізілетіні белгілі болды
Қазақстанда жаңа Конституцияға сәйкес 18 заңға өзгеріс енгізіліп жатыр. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында жаңа Ата Заңның нормаларын іске асыру шаралары қаралған кезде мәлім болды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Үкіметтің мәліметінше, әзірленіп жатқан заңнамалық түзетулер сөз бостандығы мен ақпарат тарату, діни ұйымдардың қызметі, бейбіт жиналыстар өткізу, волонтерлік қызметті қолдау, қайырымдылық, мәдениет, кинематография және Конституция талаптарынан туындайтын өзге де бағыттарды қамтиды.
Сондай-ақ отырыста Қазақстан халқы Ассамблеясының тарихи миссиясының аяқталуына байланысты этносаралық қатынастар мен қоғамдық келісімді дамытудың жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқаны айтылды.
«Қазақстан Халық Кеңесі туралы» Конституциялық заңға сәйкес "Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы" заңның күші жойылды. Осыған байланысты кеше "Қазақстанның Халық Кеңесі" хатшылығын құру туралы Президент Жарлығына қол қойылды. Сонымен қатар бірқатар заңнамалық түзетулер пакеті әзірленді. Оның аясында алғаш рет "этномәдени бірлестіктер" ұғымы заңнамалық деңгейде бекітіліп, достық үйлерінің құқықтық мәртебесі мен оларды қаржыландыру тәртібі айқындалды», – деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева.
Сондай-ақ жаңа оқу жылынан бастап мектептерде жаңа міндетті пәндер енгізілетіні белгілі болды. Қыркүйек айынан бастап оқушылар «Конституция негіздері» және «Жеке қауіпсіздік» бағыттары бойынша білім алады.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, жаңартылған білім беру мазмұны оқушылардың жан-жақты дамуына және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған.
«5-7-сынып оқушылары үшін "Конституция негіздері" пәні енгізіледі. 8-11-сыныптарда "Заң және тәртіп" міндетті курсы оқытылатын болады. Сонымен бірге 5–11-сыныптарда "Жеке қауіпсіздік" міндетті курсы енгізіледі. Келесі оқу жылынан бастап 8-9-сыныптарда "Қазақстан географиясы" пәні қайта енгізіледі. Бұған дейін таңдау пәні ретінде жүргізілген "Құқық негіздері" енді барлық оқушы үшін міндетті пәнге айналады. Ол жаңа Конституцияның қағидаттарына толық сәйкестендіріліп, жаңа мазмұнда оқытылатын болады», – деді ҚР Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова.
Оқи отырыңыз: Азаматтарға келтірілген залалды өтеу құқығы конституциялық деңгейде бекітілді