Жаңа үйдің ескі жыры: тұрғындар неге наразы

Тұрғындардың айтуынша, автотұрақ ретінде жоспарланған аумақ әлі күнге дейін құрылыс қалдықтарынан тазаланбаған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Тараз қаласында небәрі 10 жыл бұрын пайдалануға берілген көпқабатты үй тозып тұр. Қаланың қақ ортасындағы жеті қабатты баспананың шатырынан су ағып, қасбеті сөгіліп жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Инженерлік жүйелері сыр беріп, жылу, ауыз су мен кәріз желілері тозып, шатырдан су ағу жиілеген. Тұрғындардың айтуынша, автотұрақ ретінде жоспарланған аумақ әлі күнге дейін құрылыс қалдықтарынан тазаланбаған. Ал аулада балалар алаңы жоқ. Күз бен қыс мезгілінде ауланы су басады екен.

«Жаңбыр жауып еді үйдің төбесі құлап кеткендей болды. Қанша рет адамды өзім жалдап шатырды жөндеттімсу ағып тұр», – деді қала тұрғыны Баян Әбітбаева

 «Жауын, қар жауса, есіктің алды көл болады. Балалармен, машиналар өту мүмкін емес. Ауладағы суды қай жаққа ағызатынымызды білмейміз», – деді қала тұрғыны Қаракөз Қолақанова.

Ал қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің өкілдері көпқабатты үйді жаңғыртуға 134 миллион теңге қажет екенін айтты. Қазір жоба-сметалық құжаттары әзірленіп, республикалық бюджетке өтінім берілген. Алайда шенеуніктер алдымен кезекте тұрған ескі үйлер жөнделетінін жеткізді. Себебі Тараз қаласында тозығы жеткен 538 көпқабатты тұрғын үй бар.

«Бұл – салығанына 30, 50, 70 жылдан асқан үйлер, 80-90 пайызы тозған. Бірінші кезекте осы үйлерді жөндейміз. Атшабар 17/1 мекенжайындағы үйді  2027 жылы жөндеу жоспарланған. 58 үйге жергілікті бюджеттен қаражат қарастырылып, жоба сметалық құжаттарды 6,5 млрд теңгеге жасап қойдық», – деді Тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы Сұлтанмахмұд Өтешов.

Оқи отырыңыз: Алматының ботаникалық бағында сирек өсімдіктің қоры жасалады

Новости партнеров