Ашық есік күні: Қазақстанның барлық өңірінде онколог мамандар тегін кеңес береді

Almaty.tv
Almaty.tv

Жас ерекшелігі мен тіркелген мекенжайы маңызды емес

Жаңалықтармен бөлісіңіз

2026 жылғы 30 мамырда Қазақстанның барлық мемлекеттік онкологиялық орталықтарында меланома, тері обыры және қалқанша безі обырының алдын алу мен ерте анықтауға арналған Бірыңғай ашық есік күні өтеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Іс-шараның мақсаты - халықтың онкологиялық сауаттылығын және онкологиялық қырағылығын арттыру, азаматтардың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыру, сондай-ақ онкологиялық ауруларды ерте диагностикалау мен емдеудің заманауи мүмкіндіктері туралы ақпарат тарату.

Сағат 09:00-ден 13:00-ге дейін барлық ниет білдірушілер тегін:

  • онколог дәрігерлердің консультациясын ала алады;
  • бастапқы тексеруден өте алады;
  • профилактика бойынша ұсыныстар алады;
  • көрсетілімдер болған жағдайда тексеруден өте алады.

Қабылдауды жетекші онколог мамандар жүргізеді. Жас ерекшелігі мен тіркелген мекенжайы маңызды емес. Өзіңізбен бірге тек жеке куәлік болуы қажет.

Дәрігерлер келесі белгілерге ерекше назар аударуға кеңес береді:

Меланома / тері обыры:

  • жаңа меңдердің пайда болуы немесе бұрыннан бар меңдердің өзгеруі;
  • меңнің көлемінің ұлғаюы, пішінінің, түсінің немесе құрылымының өзгеруі;
  • терідегі түзілістің қышуы, қанауы, қабыршақтануы немесе ауырсынуы;
  • ұзақ уақыт жазылмайтын жаралардың, дақтардың немесе терідегі түйіндердің пайда болуы.

Қалқанша безі обыры:

  • мойын аймағында ісіну немесе түйіннің пайда болуы;
  • тамақта «түйін тұрғандай» сезім;
  • жұтынудың қиындауы;
  • себепсіз дауыстың қарлығуы;
  • қалқанша безі аймағындағы жайсыздық немесе ауырсыну.

Бұл белгілер әрдайым қатерлі ісікті білдірмейді, алайда маманның уақтылы консультациясын талап етеді. Ісіктерді ерте анықтау емнің тиімділігін айтарлықтай арттырып, өмір сапасын сақтауға және мыңдаған адамның өмірін құтқаруға мүмкіндік береді.

Барлық ниет білдірушілер өңірлік онкологиялық орталықтарда, сондай-ақ Алматы қаласы, Абай көшесі, 91 мекенжайында орналасқан ҚазОжРҒЗИ-да тегін консультациядан және тексеруден өте алады

Оқи отырыңыз: Алматыда халықаралық гастрономиялық фестиваль басталды

Новости партнеров