Жаңа жылда жұмыс орындарын безендірсе, айыппұл салынуы мүмкін

Almaty.tv
Almaty.tv

Егер осы талаптар бір жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл көлемі арта түседі

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жаңа жыл жақындаған сайын кеңселер мен жұмыс орындарын безендіруге деген ниет күшейеді. Алайда Алматы қаласының Төтенше жағдайлар департаменті (ТЖД) мерекелік безендіру кезінде қауіпсіздік талаптары сақталмаса, айыппұл салынатынын ескертті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қауіпсіздіктің негізгі талаптары

Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, жаңа жылдық безендіру бірқатар талапқа сай болуы тиіс:

  • мерекелік іс-шаралар кемінде екі эвакуациялық шығу жолы бар және жанғыш жабындары бар ғимараттарда екінші қабаттан жоғары емес үй-жайларда өткізілуі керек;

  • жаңа жылдық шырша берік негізге орнатылады, шығу жолдарын бөгемеуі тиіс;

  • шырша бұтақтары қабырғалар мен төбеден кемінде 1 метр қашықтықта орналасуы қажет;

  • егер үй-жайда электр жарығы болмаса, іс-шаралар тек күндізгі уақытта өткізіледі;

  • жарықтандыру құрылғылары электр қондырғыларын орнату қағидаларына сай болуы керек. Төмендеткіш трансформаторсыз электр желісі қолданылған жағдайда, шыршада тек шамдары тізбектей жалғанған, кернеуі 12 Вольттан аспайтын гирляндалар пайдаланылуы тиіс. Шамдардың рұқсат етілген қуаты – 25 Ватт;

  • гирляндаларда ақау анықталса (сымдардың қызуы, шамдардың жыпылықтауы, ұшқын шығуы), олар дереу электр желісінен ажыратылуы қажет;

  • мерекелік іс-шаралар кезінде сахнада және залдарда өрт қауіпсіздігіне жауапты адамдар мен өртке қарсы қызмет өкілдері кезекшілік ұйымдастыруы тиіс. Іс-шара өтетін үй-жайлар алғашқы өрт сөндіру құралдарымен қамтамасыз етілуі керек.

Қауіпсіздік талаптары бұзылса не болады

Ведомство өкілдерінің айтуынша, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 410-бабына сәйкес әкімшілік жауапкершілік қарастырылған.

Заңға сәйкес, айыппұл мөлшері төмендегідей:

  • жеке тұлғаларға – 5 АЕК (19 660 теңге);

  • лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес субъектілеріне және коммерциялық емес ұйымдарға – 15 АЕК (58 980 теңге);

  • орта бизнеске – 50 АЕК (196 600 теңге);

  • ірі бизнеске – 150 АЕК (589 800 теңге).

Егер өрт қауіпсіздігі талаптарының бұзылуы өртке әкеліп, материалдық шығын келтірсе немесе адамдардың денсаулығына зиян тигізсе (қылмыстық жауапкершіліксіз):

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК (39 320 теңге);

  • лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен ҮЕҰ-ға – 20 АЕК (78 640 теңге);

  • орта бизнеске – 200 АЕК (786 400 теңге);

  • ірі бизнеске – 300 АЕК (1 179 600 теңге).

Ал егер осы талаптар бір жыл ішінде қайта бұзылса, айыппұл көлемі арта түседі:

  • жеке тұлғаларға – 10 АЕК (39 320 теңге);

  • лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен ҮЕҰ-ға – 20 АЕК (78 640 теңге);

  • орта бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге);

  • ірі бизнеске – 250 АЕК (983 000 теңге).

Новости партнеров