Заңсыз контент таратқан 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды

04.08.2026 15:58

Олар әлеуметтік желідегі тікелей эфирде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекет көрсеткен

Заңсыз контент таратқан 20-дан астам стример жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы ІІМ мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Қыруар қаралым, лайк пен пікір жинауды көздеген олар әлеуметтік желідегі тікелей эфирде балағат сөздер айтып, әдепсіз әрекет көрсеткен. Сондай-ақ қауіпті пранк ұйымдастырып, өзге азаматтарды қорлаған. Мәселен, Шымкент қаласының тұрғыны тікелей эфирде бейәдеп сөз айтқаны үшін 10 тәулікке қамалды. Ал, талдықорғандық әйел өзгелерді балағаттаны үшін әкімшілік айыппұл арқалады. Бұдан басқа, Павлодардың 26 жастағы азаматы көлік тізгінінде тікелей эфир жүргізіп, әдепсіз сөздер айтқан. Онымен қоса, қауіпсіздік белдігін тақпаған. Соттың шешімімен ол 20 тәулікке қамауға алынды. Ішкі істер министрлігі цифрлық кеңістікті құқыққа қайшы контенттен тазарту және қоғамдық тәртіпті бұзғандарды жауапкершілікке тарту бойынша жүйелі жұмыс жалғасатын айтты.

Оқи отырыңыз: Астанада автонесие түрінде қаржы пирамидасын құрғандарға сот үкімі шықты