Заңсыз құжат, жалған есепшот: Астанада бір топ азаматқа қатысты үкім шықты

Банкке келтірілген жалпы шығын 155 млн теңге

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Астанада алаяқтық жасап, қылмыстық жолмен табыс тапқан бір топ азаматқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Күдікті әйел ұлының атынан берілген сенімхат негізінде екінші деңгейлі банктен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры субсидиялайтын жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында 115 млн теңге рәсімдеген. Оны алу үшін күдіктілер банкке заңсыз құжаттар, оның ішінде мүлікті кепілге қою бойынша жалған бағалау актілерін ұсыныпты. Сондай-ақ 2023 жылдың желтоқсанында қатерлі ісікпен ауырған әйелдің атына 155 млн теңге көлемінде тағы бір несие рәсімдеген. Олар жәбірленушінің электрондық цифрлық қолтаңбасын пайдаланып, жалған келісімшарттар, шот-фактуралар, орындалған жұмыстар туралы актілер әзірлеген. Қаражат шотқа түскеннен кейін, бірден қолма-қол ақшаға айналдырып отырған.

Тергеу барысында банк қызметкерінің несие өтінімдерін рәсімдеуге көмектескені үшін 500 мың теңге көлемінде сыйақы алғаны анықталды.

«Банкке келтірілген жалпы шығын 155 млн теңге. Сот үкімімен күдіктілер кінәлі деп танылып, әрқайсысына 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерге сатып алынған демалыс базасы, 2000 шаршы метр жер телімі, елордадағы коммерциялық жылжымайтын мүлік мемлекет кірісіне тәркіленді», – деді ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің ресми өкілі Ернар Тайжан.

Оқи отырыңыз: Түркістан облысында мүгедек жігітті зорлаған күдікті 9 жыл бас бостандығынан айырылуы мүмкін

Новости партнеров