Елімізде 1 шілдеден бастап абаттандырудың жаңартылған ережелері күшіне енді
Алматыда заңсыз сату дерегі азаймай тұр. Мәселен бір ғана Наурызбай ауданының өзінде 3500-ге жуық кәсіпкер белгіленбеген жерде сауда жасағаны үшін әкімшілік жазаға тартылған. Құқықбұзушылық күнделікті рейд кезінде анықталыпты. Сәйкесінше, қауын-қарбыз, сусын сатқандар айыппұл арқалаған, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
Жаз мезгілінде қауын-қарбыз, сусын сынды тауарлардың саудасы қыза түседі. Әсіресе, шағын кәсіпкерлер өнімдерді көшелерде, жол жиектерінде, аялдамалар мен басқа да белгіленбеген орындарда сатады. Сәйкесінше, құқық қорғау қызметкерлері мұндай аймақтарда рейдтік шаралар өткізіп, азаматтарға ескерту жасайды. Егер заңбұзушылық екінші рет қайталанса, 5 тен 10 айлық есептік көрсеткішке дейін яғни, 21 мың мен 43 мың теңге айналасында айыппұл салады.
«Тұрғындар тарапынан шағым түсіп жатыр. Соған сәйкес, түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңа атап өткенімдей, әкімшілік қызметкерлерінің көліктерімен тұлғаларға қатысты заттар тәркіленіп, айыппұлдар салынатын болады. Тұрғындардан жабайы сауда орындарынан өнімдерді тексеріп, қарап алуын сұраймыз. Себебі, бұл сатылып жатқан өнімдердің көбісі санитарлық талаптарға сай келмейді, денсаулыққа зиян келтіруі мүмкін», – деді Наурызбай аудандық Полиция басқармасының учаске инспекторы Ерген Сембібай.
Наурызбай ауданында өткен профилактикалық іс-шараға полиция қызметкерлерімен қоса, жергілікті әкімдік мамандары да тартылды. Олар тұрғындарды қауын мен қарбызды тек арнайы рұқсат етілген сауда орындарынан сатып алуға, ал сатушыларды қызметін заң талаптарына сәйкес жүзеге асыруға шақырды.
«Алматы қаласының көріктендіру ережелерін бұзу фактілері тіркеледі. Қоқыс тастау, жарнама ілу сондай фактілер көп. Олармен көріктендіру төлқұжатын толтырамыз. Оның белгіленген аймақтың тазалығына жауап беруі тиіс, оларға көріктендіру ережесі түсіндіріледі», – деді Наурызбай ауданы кәсіпкерлікті дамыту бөлімінің бас инспекторы Жандос Әбішкенов.
Айта кетейік, елімізде 1 шілдеден бастап абаттандырудың жаңартылған ережелері күшіне енген болатын. Онда сатушы өзі тұрған аймақпен қоса 5 метрге дейінгі жерді таза әрі бос ұстауы керек. Егер бұл талаптарды орындамаса, жеке тұлғаларға 20, шағын бизнес және коммерциялық емес ұйымдарға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл қарастырылған.
Диана Тұрлыбек, Ернат Болатбек
Оқи отырыңыз: «Эко-Трак» қалалық жастар фестиваліндегі экологиялық акцияға қатысты