Жәбірленуші тарап апаттан бері бір айға жуық уақыт өтсе де, іс қаралмай жатыр деп налып отыр
Алматы облысында жантүршігерлік жол оқиғасынан зардап шеккенбір отбасы әділдік іздеп шарқ ұрып жүр. Апат салдарынан отағасы мен үш бірдей бала ауыр жарақат алып, күйеуі бірнеше отадан соң еңбекке жарамыз күйде жатыр. Жәбірленуші тарап істің созбалаңға салынуынан ауыр соққы салған кінәлі жазадан жалтарып кете ме деп алаңдайды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Бір ай бұрын Алматы – Жандосов – Бесмойнақ автожолында болған жол апатынан 5 адам ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен. Жәбірленушілердің сөзінше, түнгі уақытта Audi маркалы көлігін басқарған мас күйдегі ер адам автомобиль жарығын қоспай, қарсы бағытқа шығып, жоғары жылдамдықпен Honda көлігіне соғылған. Насия Гоголадзенің үш баласы мен жұбайы дәл сол жол-көлік оқиғасына ұшырап, аман қалды. Дегенмен соққының қатты болғаны соншалық, отағасының ішкі ағзалары жыртылып, бірнеше шұғыл операция жасалған. Қазір ол еңбекке жарамсыз күйде. Бұдан бөлек, балалар да түрлі деңгейдегі жарақат алған. Қазір олар оңалтудан өтуде.
«Ортаншы ұлымның екі аяғы бірдей сынған, өкшесі де жарақаттанған, басы соғылған. Үлкен қызым да қатты жараланды, сүйегі сынған. Сол түні шамамен 15 шақты адам жүгіріп келіп, балаларымды көліктен алып шықты. Барлығына алғысым шексіз. Сол адамдардың бәрі кінәлі жүргізушінің көлігін ашқанда, ішінен арақтың иісі мүңкіп тұрғанын айтты. Баламның терісін ауыстыру қажет. Көліктің де сау-тамтығы қалмаған, сол себепті де балаларды құтқарушылардың шығарып алуына тура келді», - деді Шамалған ауылының тұрғыны Насия Гоголадзе.
Жәбірленуші тарап апаттан бері бір айға жуық уақыт өтсе де, іс қаралмай жатыр деп налып отыр. Медициналық сараптаманың қорытындысы әлі дайын емес.
«Екінші ай өтіп жатыр, бірақ кінәлі әлі күнге дейін тергелмеді. Оның нақты қайда жүргені де белгісіз. Кеше Қаскелең ауруханасына өзім бардым, олар оның әлдеқашан шығарылғанын айтты. Ал бұған дейін, жаңа жыл қарсаңында, оны басқа ауруханаға ауыстырды деген ақпарат естідім. Тергеушіден сұрадым, ол бұл туралы білмейді. Бұл не деген салғырттық? Итті қаққан жоқ қой, адам қағып отыр, балаларым жарақат алды», – деді Насия Гоголадзе.
Жағдайға қатысты жәбірленуші балалардың анасы Бас прокуратураға жүгінген. Ал Алматы облыстық Полиция департаменті дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатқанын хабарлады.
«Жол-көлік оқиғасы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Автокөлік айып тұрағына қойылды. Барлық қажетті тергеу әрекеттері заңнамада көзделген мерзімдер мен рәсімдер шеңберінде жан-жақты әрі объективті тергеп-тексеру мақсатында жүргізілуде. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы оны емдеуден кейін шешілетін болады», – деді Полиция департаментінің ресми өкілі Ернар Сайділдин
Біздің түсірілім тобы Қарасай аудандық орталық ауруханасына барып, дәрігерлермен сұхбаттасты. Күдіктінің ауруханадан емделіп, шығарылғаны расталды. Қазір апаттан зардап шеккен отбасы істің жан-жақты қаралып, күдіктіге қатысты әділ шешім, тиісті шара қолданылуын талап етіп отыр.
Әйкерім Пернебек, Жақсылық Тілепберген, Алматы облысы
Оқи отырыңыз: Тұманды пайдаланып, біреулер ауаға зиянды заттарды жіберіп жатыр - экобелсенділер дабыл қақты