Жасанды интеллект: Алматыдағы балабақшада тың тәжірибе көрсетілді
Бүлдіршіндер салған суреттер жасанды интеллекттің көмегімен 3D-голограммаға айналды
Алматыдағы № 166 балабақшада өткен семинарда бүлдіршіндер салған суреттер жасанды интеллекттің көмегімен 3D-голограммаға айналды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Тың тәжірибе көпшілік назарына ұсынылды. Балдырғандар арнайы құрылғыға түрлі-түсті балықтар, дельфиндер мен тасбақаларды бейнелеп, кейін олар интерактивті тақтадағы суасты әлемінде қозғалысқа енді. Мұндай әдіс бүлдіршіндерге керемет әсер қалдырып қана қоймай, ізденіске деген ынтасын арттырады. Бөбекжай қызметкерлерінің айтуынша, балаларға өз қиялындағы бейнелерді виртуалды әлемде көруіне мүмкіндік береді.
Жасанды интеллектінің мектепке дейінгі білім берудегі мүмкіндіктері әлемнің бірқатар елінде зерттеліп жатыр. Мәселен, Сингапурда балалардың эмоциясын тануға арналған сабақтарға роботтар қатыстырылса, Финляндияда сөйлеу дағдыларын жетілдіретін құлтемірлер әзірленіп жатыр екен. Ал мегаполистегі бұл бастама Қазақстанның барлық саласын цифрландыру аясында қолға алынған.
"Жасанды интеллект дегеніміз – кәдімгі құрал. Қазіргі балаларды қызықтыру өте қиын, сондықтан осындай құралдарды қолданып жатырмыз. Балалар өте қызығады, таңғалады. Оларға өздері планшет арқылы салған суреттері қимылдап, мультфильмге айналғаны өте қызықты болып отыр", – деді № 166 бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Альмира Атханова.
"2025 жылдың шілде айынан бастап балабақшалардың кезегі цифрландырылып, SmartNation жүйесі енгізілді. SmartNation жүйесі енгізілгенге дейін 42 мың бала кезекте тұрған. Жүйе іске қосылғаннан кейін кезегіміз күрт қысқарып, қазіргі уақытта 14 мың бала кезекте тұр. Және де бұл жүйенің тиімді жағы – қаржыландырудың ашық әрі айқын болуында, – деді Білім басқармасы мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Мираш Доскеева.
Оқи отырыңыз: Алматыда жастарға арналған комьюнити-орталықтар бірыңғай желіге біріктірілмек