Алматыда жастарға арналған комьюнити-орталықтар бірыңғай желіге біріктірілмек

Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі

Қазір қалада 13 комьюнити-орталық жұмыс істейді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда жастарға арналған комьюнити-орталықтардың жұмысын жаңғырту жоспарланып отыр. 2027 жылдан бастап оларды бірыңғай қалалық желіге біріктіру ұсынылды. Бұл бастама қызмет көрсету сапасын арттыруға, орталықтардың жұмысын тиімді үйлестіруге және бюджет шығындарын қысқартуға бағытталған. Бұл туралы Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қазір қалада 13 комьюнити-орталық жұмыс істейді. Мұнда жастар жұмыс іздеу бойынша тегін көмек алып, білім беру мәселесі жөнінде кеңес ала алады. Сондай-ақ психологиялық және құқықтық қолдау көрсетіледі. Бұдан бөлек, орталықтарда оқыту сабақтары, мәдени және спорттық іс-шаралар ұйымдастырылады.

2026 жылы тоғыз айда орталықтарға 510 мың рет келу тіркелген. Осы кезеңде 2 200 іс-шара өткізіліп, 10,6 мың жеке кеңес берілген. Оның 7,4 мыңы жұмысқа орналасуға, тағы 2,6 мыңы психологиялық және құқықтық мәселеге қатысты болған.

Кеңес беру қызметтерінен бөлек, келушілерге коворкинг кеңістіктері, кітапхана ресурстары мен кездесулер өткізуге арналған алаңдар бар. Әсіресе, еш жерде жұмыс істемейтін, білім алмайтын және кәсіби даярлықтан өтпейтін NEET санатындағы жастарды қолдауға басымдық берілген. Мамандар оларға мамандық таңдауға, жаңа дағдыларды игеруге және еңбек нарығынан өз орнын табуға көмектеседі.

Орталықтарда жастар мен еріктілік қауымдастықтар да жұмыс істеп, түрлі жобалар жүзеге асырылады. Атап айтқанда, Youth Nomads ұлттық спорт түрлері фестиваліне мың адам қатысса, Jas Camp бағдарламасы аясында 100 жас он жобалық командаға бірікті.

Жоспарланған өзгерістерге сәйкес, орталықтарда ортақ басқару жүйесі енгізіліп, азаматтардың өтініштері электронды форматта тіркелмек. Сонымен бірге әр орталықтың жұмыс нәтижесін бағалау тетігі қалыптастырылады.

Жастарға көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттыру үшін көшпелі кеңес беру жұмыстары да қолға алынбақ. Мамандар базарлар мен халық көп шоғырланатын орындарға барып, бос жұмыс орындары, оқу курстары және кәсіби даму мүмкіндіктері туралы ақпарат береді.

Басқарманың есептеуінше, он комьюнити орталықты біріктіру жыл сайын шамамен 100 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. 

Бұл қаржының бір бөлігін жастарға арналған жаңа бастамаларға жұмсау ұсынылып отыр. Бостандық ауданындағы комьюнити орталық базасында OI LAB талдау орталығын ашу жоспарланған. Ол жастардың қажеттіліктерін, қызығушылықтары мен мәселесін зерттеп, қалалық бағдарламаларға қатысты ұсыныстар әзірлеумен айналысады.

Басқарманың есептеуінше, он комьюнити-орталықты біріктіру жыл сайын шамамен 100 млн теңге бюджет қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Бұл қаржының бір бөлігін жастарға арналған жаңа бастамаларға жұмсау ұсынылып отыр.

Басқарманың мәліметінше, комьюнити орталықтарды біріктіру және жаңа жобаларды іске қосу бастамалары әзірге талқыланып жатыр. Түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ.

Оқи отырыңыз: Алматыда Орталық көшесінің бір бөлігі бірнеше түнге жабылады