Мемлекет басшысы «Түркістан» газетіне берген сұхбатында «Қазақстан цифрлық державаға айналуы керек» деген еді. Үкіметтің алдында экономиканың барлық саласына жасанды интеллект технологиясын енгізу міндеті тұр. Қазір мемлекет көрсететін қызметтерді, қаржы технологияларын, бірқатар секторды цифрландыру ісінде нақты жетістіктер бар, деп хабарлайды Almaty.tv.
Денсаулық сақтау саласында ақылды ассистент дәрігерлерге сүт безі обырын анықтауға көмектесіп жатыр. Яғни, мамандар науқастың барлық анализін жүйеге жүктеп, қорытындысын алады. Одан бөлек, биылдан бастап құрылыста да жасанды жады қолданылады. Бұған дейін ол пилоттық жоба ретінде іске қосылған.
«Қазір құрылыс саласында да жасанды интеллект кеңінен қолданылады. Бұрын кей жұмыстар ұзақ уақытты талап етсе, қазір бұл процестер айтарлықтай жылдамдады. Нарықтағы компания өкілдерімен кездескенде олар жасанды жадыны өз тәжірибелерінде қалай пайдаланып жатқанын және оның құрылыс мерзімін қысқартуға әсер етіп отырғанын айтады. Сонымен қатар кейде адам тарапынан кетуі мүмкін қателіктердің алдын алуға да мүмкіндік береді», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми өкілі Балия Кенжеболатова.
Жасанды интеллект саласындағы мамандарға деген жаһандық сұраныс көп. Қазақстанда да кәсіби кадрларды даярлау үшін мектептер мен университеттерде білім беру бағдарламалары іске асып жатыр. Былтыр елімізде бір миллионға жуық азамат оқыған. Олар жасанды жады мен цифрлық қызметті пайдалану тетіктерін меңгерген. Одан бөлек, мемлекеттік қызметшілерге арналған курстар да бар. Халыққа заманауи цифрлық дағдыларды үйрету ары қарай да жалғаса бермек. Биыл ақпан айынан 12 жастан асқан балаларға арналған оқыту бағдарламасы басталады. Оған 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер тегін қатысып, 11 бағыт бойынша білім алады.
«Тумо» бағдарламасы бойынша екі мыңнан астам өтінім түсті. Қазір ата-аналармен келісімшарт жасау процесі жүріп жатыр. Қазірдің өзінде 1300 келісімшартқа қол қойылды. Балалар ақпан айында оқуды бастайды», – деді Балия Кенжеболатова.
Оқи отырыңыз: Баласын батареяға байлап ұрған әйел ата-ана құқығынан айырылуы мүмкін