Жасанды интеллект пен роботтар шайқасы: Алматыда халықаралық IT-дода өтіп жатыр

Ауқымды іс-шараға 5 елден 3 мыңнан астам адам қатысып жатыр

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда Орталық Азиядағы ең ірі технологиялық дода – Almaty Tech Cup XII «Age of AI» чемпионаты басталды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Ауқымды іс-шараға 5 елден 3 мыңнан астам адам қатысып жатыр. Қатарында оқушы, студент және жас инженерлер бар. Олар 2 күн бойы жасанды интеллект, робототехника, дрон технологиялары мен киберқауіпсіздік бойынша өзара бақ сынайды.

Оңтүстік астанаға технология әлемінің жас өнертапқыштары жиналды. Мұнда мектеп оқушылары, студенттер мен жас инженерлер робот құрастырып, дрондарды аспанға көтеріп, өзара бақ сынасуда. Ұйымдастырушылардың сөзінше, теориялық білімнен гөрі машиналық оқыту, компьютерлік көру, автономды жүйелер мен киберқауіпсіздік сияқты практикалық дағдыларға сұраныс артып келеді. Сондықтан чемпионаттың негізгі мақсаты – жастарға оқулықтағы теорияны ғана емес, заманауи технологиялармен нақты жұмыс істеу тәжірибесін беру.

«Алматы – ғылым мен мәдениеттің, өркениеттің орталығы, бізді жас таланттарды біріктірген үлкен жоба. Жоба Орталық Азияда теңдесі жоқ. Сайыс барысында жас дарындарға демеушілер тарапынан да түрлі бағалы сыйлықтар беріледі. Жарыс 12 рет дәстүрлі сипатқа ие болып отыр. Номинация жас ерекшеліктеріне байланысты анықталады», – деді қалалық Білім берудегі жаңа технологиялар ғылыми-әдістемелік орталығының директоры Дәурен Сағынғалиев.

Чемпионат аясында қатысушылар 14 бағыт бойынша бақ сынайды. Олардың қатарында жауынгер роботтар сайысы, робофутболы, дрон-футбол, аэроғарыштық инженерия, автономды көліктер жарысы бар. 48 сағат ішінде командалар роботтарға адамдармен қарым-қатынас жасауды, дауыстық командаларды орындап, өздігінен шешім қабылдауды үйретеді.

«Battle of Bots категориясына роботымды құрастырамын. Роботтар шайқасы өтеді. Менің жобамда 2 мотор мен бір дрон мотор қолданылады. Яғни сол арқылы басқа роботтармен шайқас жарыстарға шығады», – деді оқушы Әлинұр Асқарбекұлы.

 Айта кетейік, биылғы білім додасына Қазақстаннан бөлек Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және Моңғолиядан келген қатысушылар жиналды. Екі күнге созылатын чемпионат соңында үздік жобалар анықталып, жеңімпаздар халықаралық инженерлік жарыстарға жолдама алады.

Диана Тұрлыбек, Адель Ақжаркенова

Оқи отырыңыз: Алматыдағы автобус парктерінде экологтар талаптардың бұзылғанын анықтады