Жасанды интеллект және дипфейк: алаяқтардан қалай қорғану керек

12.06.2026 16:22

Алматыда қарттарды қаржы алаяқтарынан қорғауға бағытталған ауқымды семинар басталды

Алматыда қарттарды қаржы алаяқтарынан қорғауға бағытталған ауқымды семинар басталды. Бүгінде қылмыстық топтар телефон қоңырауларынан бөлек, жасанды интеллект пен дипфейк технологияларын белсенді қолдана бастаған, деп хабарлайды Almaty.tv.

Салдарынан желілік бизнес, жалған инвестициялық жобалар мен «жылдам табыс табу» схемалары жиілеп кетті. Мұндай заманауи тұзақтарға, әсіресе, цифрлық ортаға бейімделмеген егде жастағы азаматтар жиі алданады. Аталған мәселені қолға алған мемлекеттік орган қызметкерлері мен қаржы саласының мамандары зейнеткерлерге дербес деректерді қорғау мен банктік қызметтерді қауіпсіз пайдалану жолдарын үйрете бастады.

«Біз ең бірінші кезекте алдын алу, яғни профилактикалық шараларын жүргіземіз. Егер азаматтар алаяқтық жағдайға тап болса, бірден құқық қорғау органдарына жүгінуі тиіс. Олардың арыз-шағымдары бойынша тексеру амалдары жүргізіледі. Егер бұған дейін дәл осындай қылмыстық схема тіркелген болса, жаңа арыздар сол қылмыстық іске біріктіріліп, тергеу амалдары одан әрі жалғасады», - деді Алматы қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің ресми өкілі Жақсылық Мырзахан.

Кездесу барысында тәртіп сақшылары семинар қатысушыларына алаяқтардың адам дауысы мен бейнесін қалай қолдан жасайтынын нақты мысалдармен түсіндірді. Ал қариялар өз тәжірибесінде кездескен күмәнді жағдайларды ортаға салып, мамандардан кеңес алды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл — халықтың қаржылық сауаттылығын арттыруға бағытталған жүйелі жұмыстың бастамасы ғана. Алдағы уақытта аға буынды заманауи қауіп-қатерден қорғайтын семинарлар еліміздің барлық өңірінде жалғасын таппақ.

«Біз қаржы нарығының қатысушыларымен, атап айтқанда банктермен және микроқаржы ұйымдарымен бірлесіп, арнайы ақпараттық кітапшалар мен брошюралар шығарамыз. Сондай-ақ Қаржылық мониторинг агенттігімен де бірлескен әдістемелік құралдар дайындап, оларды егде жастағы азаматтарға арналған әлеуметтік орталықтарға тарататын боламыз. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады», - деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас сарапшысы Ғаділбек Әкім.

Оқи отырыңыз: Алматы прокуратурасы 2 мыңнан астам кәсіпкердің құқығын қорғады