Жасанды интеллектіні қолданудың жаңа ережесі бекітілді

24.11.2025 21:02

Цифрлық заң технологияны бақылаусыз қолдануға жол бермейді

Елімізде жасанды интеллектіні қолданудың жаңа ережесі бекітілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілішісі.

Жасанды интеллект барлық салаға дендеп енді. Банк жүйесі, медициналық талдау, кәсіпорындағы автоматтандыру, мемлекеттік қызмет тетіктері — бәрі алгоритмге сүйенеді. Жаңадан қабылданған құжатқа сай, енді жеке деректі қорғау талабы қатаңдады. Бұдан былай алгоритмнің қауіпсіздігі, дерек сапасы және нейрожелінің қателігі үшін ұйымдар тікелей жауапкершілік арқалайды. Рұқсатсыз биометрия жинау немесе жасырын бақылау – қылмысқа теңесті. Оған әкімшілік шаралар мен лицензиядан айыру сияқты жаза қолданылуы мүмкін.

«Оқу барысында Жасанды интеллектті күнде қолданамыз. Айти саласының маманы болғандықтан жаңашылдықтарға ашықпыз. Мен студенттерді нейрожеліні қолдануға, тиімді пайдалануға шақырамын. Бірақ біз бір нәрсені түсуіміз керек, бұл жүйе тек көмекші құрал, ол нақты дерек көзі бола алмайды. Сондықтан жаңа заң біраз олқылықтың орнын толтыруы керек», – деді Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің профессоры Анар Өтегенова.

ЖИ технологиясымен жаңа өнім жасап жүрген отандық өнертапқыштар да заңды қолдап отыр. Себебі бұл бастама күмәнді бизнес пен кәсіпорын өкілдерінің заңсың әрекетін тыймақ.

«Мәселе – оқу саласындағы ЖИ рөлін нақты анықтап, яғни егжей-тегжейлі заңды қалыптастыру деп ойлаймын. Себебі бүкіл әлемде тек Қазақстанда емес, оқу трансформациясы басталайын деп тұр. Қандай жүйелерді қолдана аламыз? Қандай деңгейге дейін қолдану керек? Бұл жерде шектеу көріп тұрған жоқпын, керісінше бұл – өте маңызды. Себебі ИИ қандай мүмкіндік тудырса, сондай қауіп те тудырады», – деді Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінің аға-оқытушысы Еркебұлан Аймыханов

Цифрлық дәуірде жасанды интеллектті барлық салада қолданып келеміз. Технология дамыған сайын, оның мүмкіндіктерін игілікке де, теріс пиғылына да қолданатындар көбейіп келеді. Бүгінде кез келген адам дауысын өзгертіп, тіпті бет-әлпетін басқа тұлғаға еш қиындықсыз ауыстыра алады. Тіпті бірер сәтте сіздің жақын танысыңыздың кейпіне енуі ғажап емес. Генеративті ЖИ-дің жаппай қолданылуы 2022 жылдың қарашасында OpenAI компаниясы GPT чат-ботын іске қосқан сәттен басталды. Одан кейін бірнеше ірі заңсыз чат-боттар да пайда болды.  АЛ 2024 жылы «deepfake» пен «deepvoice» технологияларын теріс мақсатта қолдану күрт өскені байқалды. Халықаралық сарапшыларының дерегіне сүйенсек, 2023 жылдың бірінші тоқсанынан 2024 жылдың алғашқы маусымына дейін әлем бойынша кибершабуылдарда қолданылған дипфейктер саны 245 пайыз артқан.

Жаңа заң авторлар мен креаторлардың құқығын да қамтиды. Енді кез келген шығармашылық еңбек — сурет, фото, мәтін, музыка немесе бейне — автордың рұқсатынсыз жасанды интеллект моделіне жүктелмейді. Бұл бұған дейін реттелмей келген даулы мәселенің бірі болған. Ал нейрожелі қолданылған кез келген контент міндетті түрде таңбаланып, пайдаланушыға ашық көрсетіледі. Яғни әлеуметтік желіде тараған кескіндердің шынайы, жалған екені анық ажыратуға болады.

«Синтетикалық кескіндер. аудио-видео материалдар, мәтіндер, машинада оқытылатын пішімдерде астынғы немесе үстінгі бөлігінде міндетті түрде ЖИ көмегімен жасаған дүние екені көрсетіліп, белгілеуі тиіс. Маңызды бөлім –авторлық құқық. Жасанды интеллект көмегімен жасалған туындылар егер оларды жасауда адамның шығармашылық үлесі болса ғана заңмен қорғалады», – деді ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі комитетінің басқарма сарапшысы Бақберген Шарипбек.

 «Жасанды интеллектіні реттеу бойынша халықаралық деңгейде түрлі тәсіл қалыптасты. Егжей-тегжейлі регламенттер мен этикалық кодекстерден бастап технологиялық дамуға бағытталған модельдер де бар. Олардың барлығын біріктіретін ортақ мақсат — ЖИ-ге деген сенімді арттыру, алгоритмдердің ашықтығын қамтамасыз ету, деректерді қорғау және жаңа шешімдерді қауіпсіз енгізуге жағдай жасау. Ұлттық заңнамамызды әзірлеу барысында біз халықаралық тәжірибені зерттеп, Еуропалық елдер, Ұлыбритания, Сингапур, Канада және басқа да мемлекеттердің реттеу тәсілдерін талдадық», – деді Жасанды интеллект және деректерді басқару жөніндегі комитеттің мемлекеттік саясат басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Серік Бимендеев.

Қазақстан – ЖИ саласын заңмен реттеген Орталық Азиядағы алғашқы ел. Құжатқа қол қойылғаннан кейін заң алты айдан соң күшіне енеді. Бұл аралықта билік өкілдері, бизнес және тұтынушылар жаңа талаптарға икемделіп, жұмысын ретке келтіруге дайындалуы тиіс.

Әйкерім Пернебек, Ернат Болатбек, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Марқұмның атынан емделуге ақша жинап жүрген кім - тергеу басталды