Жасанды интеллектті шамадан тыс реттеу неге қауіпті

05.10.2026 21:11

Жасанды интеллектіні дамытуда қауіпсіздік пен технологиялық еркіндіктің арасындағы тепе-теңдік маңызды

«Жасанды интеллектіні дамыту үшін оны реттеу қажет. Бірақ талаптар тым қатаң болмауы керек». Мамандардың айтуынша, қауіпсіздік пен жеке деректерді қорғау маңызды болғанымен, артық шектеулер жаңа технологиялардың дамуын баяулатып, инвестицияның басқа елдерге кетуіне әсер етуі мүмкін, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Сондықтан бұл саладағы ережелер технологияның дамуымен бірге өзгеріп, жаңарып отыруы тиіс екен. Мемлекет басшысы да Digital Bridge форумында осы мәселеге тоқталып, жасанды интеллектіні шамадан тыс реттеу перспективалы жобалар мен капиталдың басқа юрисдикцияларға кетуіне әкелуі мүмкін екенін айтқан.

«Технологияның қарқыны қатты дамып және де жеке деректерге қауіпсіздік саласына едәуір жаңағы қауіп төндіргеніне қарамастан, оны реттеп отыруға  болмайды. Себебі ол бұл технологияның дамуына кері ықпал тигізуі мүмкін. Сондықтан да оны дамытуымыз керек. Бұл өте маңызды», – деді Цифрлық үкіметті қолдау орталығының атқарушы директоры Нұрсұлтан Нұрлан. 

Жасанды интеллектіні дамытуда қауіпсіздік пен технологиялық еркіндіктің арасындағы тепе-теңдік маңызды. Сарапшылардың пікірінше, азаматтардың құқығы мен қауіпсіздігі қорғалуы тиіс, алайда артық талаптар технологиялық компаниялардың дамуына, жаңа өнімдерді сынауына және халықаралық нарықтарға шығуына кедергі келтірмеуі керек. Бұл әсіресе инвестиция мен білікті мамандарды тарту үшін маңызды.

«Президент жасанды интеллектіні реттеуде тәуекелге негізделген тәсіл қажет екенін атап өтті. Менің ойымша, мұнда тепе-теңдікті сақтау өте маңызды. Яғни азаматтардың қауіпсіздігі мен құқығын қамтамасыз ету керек, сонымен бірге технологиялардың дамуына, инвестициялар тартуға артық кедергілер жасамау қажет», – деді Astana Hub автономды кластерлік қоры Digital Bridge филиалының директоры Дания Ахметова.

Оқи отырыңыз: Almaty SuperSki: Жоба туралы ақпарат тұрғындарға қаншалықты қолжетімді

Толық көрсету