Жасыл ел: Алматыда еңбек маусымы қашан басталады

Биыл қалада 80 мың адам қатысқан 4 жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Былтыр Алматы «Жасыл ел» жобасын жүзеге асырудан еліміздегі үздік өңір деп танылған. Өткен жылы маусымдық жұмыспен қамту бағдарламасы аясында экологиялық бастамаға 2100 жас жұмылдырылыпты. Сондай-ақ жобаға алғаш рет жоғары оқу орындарының шәкірттерімен қатар, колледж студенттері және NEET санатындағы 35 жасқа дейінгі азаматтар қатысқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv  тілшісі.

Алматыда жыл басынан бері шамамен 80 мың адам қатысқан 4 жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылған. Санитарлық тазалау жұмыстары қаланың барлық ауданында жүргізіліп, жағалаулар, скверлер, аулалар мен қоғамдық кеңістіктер қамтылған. Бұл шаруаның дені Мемлекет басшысы бастаған экологиялық акция аясында жүзеге асып жүр. «Жасыл ел» жобасы да «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасымен үндесіп, жастардың қаланы дамыту ісіне үлес қосуына мүмкіндік беріп келеді. Игі іс-шараның биылғы маусымы 3 күннен кейін ресми түрде басталады. Жобаға 16 мен 35 жас аралығындағы кез келген жас қатыса алады.

«2025 жылы еңбек маусымының барысында жастардың қатысуымен бірқатар нақты нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтқанда, тұрақты сенбіліктер ұйымдастырылып, экологиялық акциялар өткізілді. Қоғамдық орындардың тазалығы мен жасыл аймақтарды күтіп ұстау жұмыстары жүйеленді», – деді  «Жасыл ел» жобасының Алматы қаласы бойынша жетекшісі Ердәулет Жүнісбек.

Алматыда «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаланы сәндік гүлмен безендіру бойынша ауқымды жұмыстар жалғасып келеді. Биыл мегаполистегі гүлмен безендірілген аумақтың көлемін 425 мың шаршы метрден асыру жоспарланыпты. Былтырмен салыстырғанда біржылдық өсімдіктерді егу көлемі 2 миллион 700 мыңнан 4 миллион 300 мыңға дейін артқан. Ал раушан гүлдерінің саны 125 мыңнан 580 мыңға дейін көбейіп, 4,6 есеге ұлғайды. Сондай-ақ Алматы атмосфералық ауаны қорғаудың кешенді тәсілін енгізуге кіріскен Қазақстандағы алғашқы қала болды. Былтыр қолға алынған бастама аясында мегаполисте кәсібін дөңгелетіп отырған бизнес иелеріне қазір түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«2027 жылдан бастап «Eco Almaty» ЖШС жүргізетін шараларына қатысты халық қана емес, бизнес өкілдері түрлі әкімшілік кедергілерге кездесіп қалмасын деп ескертіп жатырмыз», – деді «Атамекен» ҰКП Алматы қаласы филиалы директорының орынбасары Мейрамбек Қаныбеков.

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында қаланың санитарлық жағдайын бақылауға арналған бейнесараптау жүйесі енгізілген. Бүгінде 729 камера тұрмыстық қатты қалдық контейнерлері орналасқан аймақтарды бақылайды, ал 274 камерада қоқысты анықтау функциясы іске қосылған.

Айта кетейік, мегаполис бойынша қауіпсіздікті қадағалау үшін 180 мың камера жұмыс істейді. Оның 68 мыңы Алматы қаласы Полиция департаментінің жедел басқару орталығына қосылған.

«68 мың бейнекамераны онлайн форматта кез келген уақытта, оның ішінде түрлі әлеуметтік нысандар, мектеп, балабақша, медициналық мекемелерде орналасқан бейнекамераларды талдап, көре аламыз. 2025 жылы бейнекамералардың көмегімен 4,5 мың қылмыстың беті ашылды, 3 миллионнан астам құқықбұзушылық аныөталды», – деді  Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.

Сондай-ақ оңтүстік астананы жарықтандыру ісі де назарда. Соңғы бір жылдың ішінде 1189 учаске жарықпен қамтылып, 12 мыңнан астам шам орнатылған. Одан бөлек, 420 нысанда сәулеттік жарықтандыру ісі жүзеге асыпты. Жауаптылардың айтуынша, биыл қала бойынша тағы 12 мыңға жуық жаңа шам орнату көзделген.

Гүлмарал Изатқызы, Думан Дәулетбақұлы

Оқи отырыңыз: Алматы жастары зорлық-зомбылыққа қарсы үн қатты

Новости партнеров