Алматыда биыл 170-ке жуық үйдің қасбеті жаңарады

Басымдық әуелі 1950-жылдары салынған үйлерге берілмек

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда биыл жыл соңына дейін 170-ке жуық үйдің қасбеті жаңарады. Игі бастама әуелі қала орталығындағы Бостандық, Медеу және Алмалы аудандарында іске асады. Бұл туралы Алматы Басжоспар ғылыми зерттеу институтының директоры Асхат Сәдуов айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алматыда тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Қала әкімдігі әуелі өткен ғасырдың ортасында салынған ғимараттарды жаңғыртуға назар аударып отыр. Игі іс-шара мегаполис келбетін жақсартумен қатар, тұрғындардың өмір сапасын арттыруды көздейді.

«Бұл шаруа «қасбеттен қасбетке дейін» қағидаты аясында іске асып жатыр. Мақсат – көшелердің келбетін көркейтіп, бірыңғай дизайн код негізінде жаңғырту. Жұмыс кешенді түрде жүргізіледі», – деді «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.

 Сондай-ақ ауқымды жұмыс жүргізілгенімен, ғимараттардың келбеті өзгермейді. Егер нысанда тарихи һәм сәндік элементтер болса, олар міндетті түрде сақталады. Жауаптылардың айтуынша, бұрын тек бояумен әрленген болса, онда оған сән беретін өрнектер пайдаланылады.

«Бұған жергілікті табиғи тастар қолданылып жатыр. Материалдың заманауи әрі сапалы болуы маңызды. Ол ғимараттардың тарихи келбетін сақтап қалуға да септеседі. Әйтпесе, жыл сайын жөндеу жасап, жаңартып отыруға тура келеді», – деді  «Алматыбасжоспар» ҒЗИ бас директоры Асхат Сәдуов.

Игі бастама алдымен қала орталығындағы Медеу, Бостандық және Алмалы аудандарында іске асады деп жоспарланған. Мәселен, Алмалының өзінде-ақ биыл 60 үйдің қасбеті жаңарады. Қазір 10-нан астам ғимаратта жұмыс басталып кеткен.

«Былтыр бірнеше үйдің қасбетін жаңарттық. Тұрғындар риза. Оны көрген басқа азаматтар да үйлерінің келбетін көркейту туралы өтініш айтып жатыр. Атқарылған жұмыстың ұнағанына біз де қуаныштымыз. Айта кететін  бір жайт, бұл шешімді тек өзіміз қабылдамаймыз. Әуелі тұрғындармен жиналыс жасап, ақылдасамыз. Дауысқа саламыз. Жұмысты содан кейін бір-ақ бастаймыз», – деді Алмалы ауданының әкімі Арман Шамшин.

«Біз қаламыздың көркейгеніне, әрине, ризамыз. Мен мұнда қасбеті жаңарып жатқан ғимараттың астыңғы қабатында жұмыс істеймін. Нысанның жаңғырып, әдемілене түскені біздің дүкен үшін де жақсы. Тартымды болып, келушілер санын көбейтуге де септеседі», – деді қала тұрғыны Никита Селаев.

Айта кетейін, биыл жыл соңына дейін Алматыдағы 170-ке жуық үйдің қасбеті жаңарады деп жоспарланған. Барлық жұмысты арнайы ұйымдар бақылап отырады. Сондай-ақ жауапты мамандардың сөзінше, қолданылатын материалдардың сапасы, экологиялық тазалығы мен климаттық жағдайға төзімділігіне айрықша мән беріледі.

Гүлмарал Изатқызы, Мейрам Исабеков

Оқи отырыңыз: Жеке сот орындаушыларының шотын құзырлы орган бақылайды

Новости партнеров