Жер асты суы көтеріліп жатыр: Атырауда тұрғындардың баспанасы су астында қалды

Әкімдік өкілдері сметалық жоба әзірленіп жатқанын жеткізді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Атырау іргесіндегі Сарқамыс-2 шағынауданының тұрғындары шу шығарды. Олар жерасты сулары көтеріліп, қиындыққа тап болғанын айтып дабыл қақты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ұлардай шулаған елу шақты тұрғын шенеуніктерден дренаж мәселесін шешіп беруді сұрайды. Өйткені, бірнеше жылдан бері жерасты суы қайта-қайта көтеріліп, үй ішін қалдырмай көгертіп жіберген.

«Жер асты суы көтеріліп тұр. Сарайдың ішінен су шығып тұр. Еккен ағашымыз өліп жатыр, ауа жетпейді. Судың деңгейі 25-30 см болып тұр. Балалардың денсаулығына әсер етіп жатыр, жөтелден жазылмайды», – деді қала тұрғыны Саламат Қуандық.

«Соңғы жаңбырда жерасты суы көтеріліп кетті, осы мәселе бойынша 3 жылдан бері алысып келе жатырмыз», – деді қала тұрғыны Әбен Дүйсенова.

 Зейнеткер Сәуле Иманәлиеваның баспанасы су астында қалған. Жер,көкке тараған жаңбыр суы үйдің астаң-кестеңін шығарған. Шығынға әбден батқан қария облыс әкімінен көмек сұрайды.

«Жаңбыр жауып, барлығын су басқанда Аралда тұрдық. Бір айда суды 5 рет сорғыздым,  2 рет 12 мың теңгеге, ал бүгін бесінші рет 8 мың теңгеге сорғызып отырмын. Тұзды көріп тұрсыздар, үйдің іші құлап жатыр», – деді қала тұрғыны Сәуле Иманәлиева.

Тұрғындар талабын тыңдауға атқамінерлер тайлы тұяғы қалмай келді. Сабыры таусылған жұртты жұбатқан олар мәселенің барын жоққа шығармады. Қазір арнайы сметалық жоба әзірленіп жатқанын да жеткізді.

«Қазіргі уақытта бөлім тарапынан жобалау сметалық құжаттамасы жасалып жатыр. 16 км шақырымды құрайды, кәріз желісі, дренаж жүйесі және суару қарастырылған. Бәрі жер астында қалады, бетонмен жабылады. Сараптама тағайындалды. Құрылысы ауқымды», – деді құрылыс бөлімі басшысының орынбасары Арман Абдолов

Мәселенің бүгін-ертең шешіле қоймайтыны түсінікті. Шенеуніктер «шаруа қолға алынады» деп сендірді.

Жұлдыз Қайратқызы, Атыраудан

Оқи отырыңыз: Құжаты жоқ үйде тұрып жатырмыз: атыраулықтардың баспана сапасына көңілі толмайды

Новости партнеров