Жетіасар жазирасындағы қазба жұмыстары: Қара асар қалашығының тарихы туралы жаңа деректер анықталды

Неміс археологтары Сыр өңіріне көне шаһардың тыныс-тіршілігін зерттеу үшін арнайы келген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетіасар жазирасындағы қазба жұмыстары қаңлы дәуірінің тарихының жаңа бетін ашуға мүмкіндік беріп отыр. Сыр өңірінде археологтар көне Қара асар қалашығында 500 шаршы метрден астам аумақты аршып, тың деректерді тапты. Қазба нәтижесінде ғалымдар Жетіасар жұртындағы тіршілік бұған дейін болжанғандай VIII-IX ғасырларда емес, VI ғасырда тоқтағанын көрсетеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қара асардың қойнауында өткеннің ізі көп. Биыл мұнда ұзындығы 60 метрден асатын көше мен бірнеше тұрғын үйдің орны аршылды. Археологтардың назарын аударған жәдігердің бірі – топса. Қарапайым көрінгенімен, қызметі маңызды. Есіктің жеңіл ашылып-жабылуына арналған. Бұл бұйым ірі қара мен жылқының жамбас сүйегінен жасалған. Археологтар мұндай топсаның елу шақтысын тауыпты.¤

«Есік тұғырын арнайы ірі қара сиыры мен жылқының жамбас сүйегін үш жағынан шауып, арнайы шұңқырға орнатқан, қажалған іздері көрініп тұр. Есікті бір жағына қарай оңай ашып-жабу үшін арнайы ойық жасап, отырғызған. Шетелдік зертханалардан алған деректер бойынша, қазір қаланың VI ғасырда өмір сүргенуі тоқтағанына көзіміз жетіп отыр», – деді Ә. Марғұлан атындағы Археология институтының бөлім басшысы Әзілхан Тәжекеев.

 Ортaғaсырлық шaһaрды Кеңес дәуірінде Хорезм экспедициясы зерттеп, қала VIII-IX ғасырларға дейін өмір сүрген деген тұжырым жасаған еді. Жаңа зерттеу мұны жоққа шығарып отыр. Өйткені шетелдік зертханалар жасаған сараптама Қара асардағы тіршіліктің VI ғасырда тоқтағанын көрсеткен. Қазба германиялық мамандармен бірлесіп жүргізіліп жатыр. Неміс археологтары Сыр өңіріне көне шаһардың тыныс-тіршілігін зерттеу үшін арнайы келген.

«Бұл – бірегей археологиялық нысан. Осыған дейін жерлеу орындары зерттелгенімен, қоныстардың басым бөлігі толық аршылмаған еді. Осы қазба арқылы қала жұртының қалай өзгергенін, халқының өмір сүру жағдайын анықтай аламыз. Бұл жұмыстарды Әлкей Марғұлан атындағы Археология институты және Қорқыт ата университетімен бірге жүзеге асырып жатырмыз», – деді Неміс археология институтының маманы Финн Шрайбер.

Бұл мекен Жетіасардың шығыс бөлігінде, арналардың бастауында орналасқан. Сондықтан мұнда табылған деректер тек бір қаланың тарихын емес, тұтас өңірдің өткенін анықтауға көмектеседі. Зерттеу жұмыстары келер жылы да жалғасады. Археологтар биыл табылған артефактілерді зерттеп, ғылыми айналымға енгізбек.

Асқар Сәрсенұлы, Төрехан Әділбекұлы, Қызылорда облысынан

Оқи отырыңыз: Сарыағаш теміржол вокзалы күрделі жөндеуден кейін ашылды