Жетісу ауданында 7 гектар жер құрғақ шөптен тазартылып, минералды жолақтар сызылды

Almaty.tv
Almaty.tv

Профилактикалық рейд барысында жеке сектор тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының Жетісу ауданында құрғақ шөптің жануына қарсы алдын алу жұмыстары өткізілді. Іс-шараға төтенше жағдайлар департаменті, аудан әкімдігі, тәртіп сақшылары мен еріктілер қатысты, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Тілсіз жаудың алдын алу шаралары аудандық Өрт сөндіру басқармасынан басталып, Көкжиек шағынауданындағы тұтану қаупі жоғары аумақта жалғасты. Онда коммуналдық қызметкерлер 7 гектар аумақты құрғақ шөптен тазартып, арнайы техникалар 5 шақырым аралыққа минералды жолақ сызу жұмыстарын жүргізді.

«Осындай профилактикалық іс-шаралар өрт қаупі кезеңі басталғалы болып жатыр. Алматы қаласының бүкіл аумақтарында өткізіледі. Сонымен қатар құрғақ шөптен болатын өрттің алдын-алу үшін полиция қызметкерлерімен, еріктілермен бірлесіп рейд жүргіземіз әрқашан, халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Сонымен қатар атқарушы органдармен бірлесе отырып, құғақ шөпті ору, минералды жолақтар төсеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр», – деді Төтенше жағдайлар департаменті Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бас маманы Ақтыныс Әлтебаева.

Сонымен қатар профилактикалық рейд барысында жеке сектор тұрғындарына түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Төтеншеліктер арнайы ақпараттық жадынама таратып, үй маңында жиналған қоқыстарды жинау тәртібін түсіндірді. Себебі мамандардың айтуынша, үйілген тұрмыстық қалдықтар өрттің шығу себебін үдетуі мүмкін.

«Бұл профилактикалық жұмыс тұрғындарға құрғақ шөпті уақытылы шабудың маңызын түсіндіру мақсатында жүргізілді. Себебі құрғақ өсімдіктердің тұтануы ауқымды өртке және төтенше жағдайға әкелуі мүмкін. Іс-шара барысында тұрғындарға құрғақ шөпті қауіпсіз түрде кәдеге жарату жолдары түсіндірілді. Аз мөлшердегілерін қорапқа немесе қапқа салып, тұрмыстық қатты қалдықтармен бірге шығаруға болады», – деді Жетісу аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының аға инженері Ренат Құсайынов.

  Айта кетейік, өрт қаупі жоғары маусым басталғалы шаһарда 246 гектар аумақта құрғақ шөп шабылып, 142 шақырымнан аса минералды жолақ сызылыпты. Бұл жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Олжас Омарбек, Рашиддин Якупов

Оқи отырыңыз: Абай даңғылы, Төле би мен Жұбанов көшелері: Алматыдағы жаңа магистральдар қашан қолданысқа беріледі