Жетісу облысында жантүршігерлік жол апатынан бес адам қаза тапты

Аlmaty.tv
Аlmaty.tv

Қайғылы оқиға 24 қаңтарда шамамен сағат 15:30-да болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жетісу облысында жантүршігерлік жол-көлік апаты салдарынан бес адам қаза тапты, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Облыстық полиция департаментінің хабарлауынша, қайғылы оқиға 24 қаңтарда шамамен сағат 15:30-да Ақсу ауданында болған.

«Алдын ала мәліметтерге сәйкес, Көшкентал – Қапал автожолының 4-шақырымында Toyota Avalon және Toyota Camry маркалы автокөліктер соқтығысқан. Жол-көлік оқиғасы салдарынан 5 адам қаза тапты. Әртүрлі дәрежедегі дене жарақатын алған 2 жолаушы медициналық көмек көрсету үшін ауруханаға жеткізілді", - делінген ПД хабарламасында.

Оқиға орнына жедел түрде тергеу-жедел тобы шығып, алғашқы тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта оқиғаның себептері мен мән-жайларын анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, барлық нұсқалар қарастырылуда.

Тергеп-тексеру барысы Департамент басшылығының бақылауына алынды. 

"Полиция қаза тапқандардың жақындары мен туыстарына қайғыра көңіл айтады. Құрметті жүргізушілер! Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтап, жылдамдық режимін бұзбай, арақашықтықты сақтауға және жолда барынша мұқият болуға шақырамыз(, - деп атап өтті полиция өкілдері.

Оқи отырыңыз: Қапшағай су қоймасында мұз астына түсіп кеткен балықшы құтқарылды

Новости партнеров