Мәселе енгізілген ваучерлік жүйеге байланысты туындаған
Атырауда 70-ке жуық балабақша қызметкері үш айдан бері жалақыларын ала алмай жүр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Үш айдан бері маңдай термен тапқан табысын ала алмай жүрген бөбекжай қызметкерлерінің төзімі таусылған. Ай сайын 350 мың теңге жалақы алатын олар тамыздан бері күнкөрісіміз қиындап, шығынға баттық деп күйініп отыр. Тіпті несиелерін төлей алмай қалған.
«Несиені төлеу үшін кредит алып отырмыз. Балалар мектепке барды, оқуға түсіп жатыр. Керек жарақтарымыз бар. Жұмысымызды адал атқарып келеміз. Бірақ күні бүгінге дейін басшылық ешқандай жауап бермей отыр. Ақшамызды уақытында, айыппұлын қоса төлесін», – деді балабақша қызметкері Айгүл Шаймарданова.
Мәселе енгізілген ваучерлік жүйеге байланысты туындаған. Білім беру басқармасындағылар бөбекжайға осы жүйемен есептеп, ақша аударғанда ол жылдағыдан бірнеше есеге қысқарып қалыпты. Басшылық оны қайда жеткізерін білмей, тіпті балалардың тамағынан да үнемдеуге тырысқан.
«Балаларға ет, сорпа, тағы да басқа құнарлы тамақтар керек. Ал қазіргі уақытта құнары өте нашарлап кетті. Шындықты айтсақ, бізге қарсы шығып, артымыздан қалмайды», – деді балабақша қызметкері Әлия Тәженова.
Бала санына қарай қаржы қарастырылатын ваучерлік жүйені қолдану балабақшаның бәріне бірдей тиімді емес. Жауаптылар осыны негізге алып министрлікке хат жолдаған. Енді барлық берешекті ай соңына дейін төлеп бермек.
«Қазіргі таңда осы жақын арада бүкіл есептеулер жүргізіліп, бізде бухгалтерия есептеп, қаржысын төлеу жөнінде қазір бұйрық шығарылып жатыр», – деді Атырау облыстық Білім беру басқармасы бөлімінің бас маманы Гүлсім Гилманова.
Десе де бөбекжай қызметкерлері жалақымызды уәде еткен уақытта төлемесе шағымымызды Білім және ғылым министрлігіне дейін жеткіземіз деп тарқасты. Жалпы бұл мемлекеттік балабақшада 150-ге жуық бала тәрбиеленеді.
Оқи отырыңыз: Коммуналдық қызмет тарифтері жыл соңына дейін өспейді - Олжас Бектенов