Жаңаөзенде 150 жанұя апатты үйде өмір сүруге мәжбүр

Almaty.tv
Almaty.tv

Тозығы жеткен баспана бір жағына қарай қисайып, тұрғындардың өміріне қауіп төндірген

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Маңғыстаудағы Жаңаөзен қаласында 150-ге жуық жанұя апатты үйде өмір сүруге мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Мұнайшылар қаласындағы темір жол вокзалы маңында орналасқан тұрғын үйлер өткен ғасырдың 60-жылдары пайдалануға берілген. Қазір іргетасы шөгіп, қабырғалары жарылып, баспалдақтары құлаған. Инженерлік жүйелері де тозған. Осындай 2 қабатты 9 үй бар. Мұнда мүмкіндігі шектеулі жандар, тұрмысы төмен және көп балалы отбасылар тұрып жатыр.

"Қабырғасы жарылып жатыр.  Үйдің бергі жағы құлайды. Баспалдақ құлап жатыр. Кеше төтеншеліктер келіп, қатайтып қойды. Кез келген сәтте құлауы мүмкін", – деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Амангелді Алдабергенов.

"Астымыздағы тоғызыншы пәтерде қабарға жарылып кетті, адамның қолы сиятындай күйге жетті. Бес балам бар. Адам шығыны болмай тұрып, жаңа үй бергені дұрыс деп жатырмыз"– деді Жаңаөзен қаласының тұрғыны Нұрпейіс Құлжанов.

Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбайдың айтуынша, аталған үйлер күрделі жөндеуден өтуі тиіс. Бірақ соған қарамастан, жергілікті билік тұрғындарды көшіруге шешім қабылдаған. Сондай-ақ ескі үйлерді сүріп, орнына жаңасын салуға ниетті инвесторлар да табылған.

"Мүмкіндігі жоқ азаматтарға мемлекет тарапынан қолдаймыз.  Ал мүмкіндігі болса, пәтер жалдап, туысының үйіне көшеді", – деді Жаңаөзен қаласының әкімі Жансейіт Қайнарбай.

Ескіні жаңартуға әкімдік ниетті. Кездесуден соң қос тарап бір мәмлеге келгендей болды. Жыл соңына дейін жобалау жұмыстары сәтімен аяқталса, келер жылы тұрғын үйлердің құрылысы басталмақ.

Жасұлан Мұқан, Мұқағали Нұрболатұлы, Маңғыстау облысы

Оқи отырыңыз: Балқашта жылу трассасын жөндеу кезінде үш адамның сүйегі табылды

 

Новости партнеров