Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қарт майдангер Анна Котован 101 жасқа толды
«Жараланып, жартылай жаны шығып жатқанда, сарбаздар анасының есімін атап, шақыратын». Бұл – майдан даласында медбике болған Анна Котованың айтқаны, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1941 жылы 16 жаста болған Анна Котованы өзі сұранғанына қарамастан, әскери комиссариат соғысқа жіберуден бас тартыпты. Отан қорғауды парызым деп білген бойжеткен қалайда дегеніне жету үшін алдымен медбикелерді даярлайтын курс оқиды. Екінші мәрте майданға аттанғысы келеді. Бірақ комиссариат бұл жолы да қолында тиісті куәлігі болғанына қарамастан, Аннаны қабылдамайды. Дегенінен кері қайтпаған ол арада бір жыл өткенде әскер қатарына алынған бозбалалармен бірге сапқа тұрған.
«Екінші күні қайтадан бардым. Мені тағы да қабылдамай, қуып шықты. Кабинеттен шыққанда көзіме жас үйірілді. Ал үшіншісінде «мені қуа алмайсыздар» деп айттым. Бірақ тағы да шығарып салды. Сөйтіп жүріп, дегеніме жеттім», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Котова.
1943 жылы Анна Котова Украинаның 2-фронтындағы эвакуациялық госпитальға жіберіледі. Соғыс аяқталғанымен Отанға тек 1946 жылдың маусымында оралады. Ардагер «майданнан келгеніме қанша уақыт өтсе де, өмір үшін арпалысқандардың әрқайсысы есімде» дейді. ардагер.
«Бір ұшқыш есімде қалыпты. Ол кеуде тұсынан жараланған. Жарасының ауырлығы сонша, жүрегі көрініп тұрды. Жанынан кетуге болмайтын. Ал бізде медбикелер жетіспей жатты. Осы қолыммен оны аман алып қалуға бар күшімді салдым. Қаншама сарбаз өмір үшін арпалысты. Аяқ-қолы жоқ жас балаларды көргенде жан дүнием түршігіп, жүрегім ауыратын», – деді Анна Котова.
Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қарт майдангер 101 жасқа толып жатыр. Көмекшісі болса да, үй шаруасын өзі істеуге үйренген Анна әжей ас дайындап, пеш жағады. Үй жануарларын да күтіп баптайды. Баспана ішінде бар естелігін бөлісіп отырып, ол майдан даласындағы қан-қасап қарсылықты көз алдына келтіргендей еді. Оқ тиіп, құлап жатқан талай сарбазды арқалап келген ардагер ондайда өжеттілік қана көмектесетінін айтты.
«Бала күнімнен қорқу дегенді білмейтінмін. Майданға 18 жасымда аттандым ғой. Содан кейінгі қаншама жыл жас шағым соғысты өтіпті. Бірақ өкініш жоқ», – деді Ұлы Отан соғысының ардагері Анна Котова.
Ауыр азапты бастан өткеріп, бүгінгі бейбіт заманды бір табан жақындатқан ардагерлердің қатары күн санап сиреп барады. Өкініштісі бір кездері топырағынан талай батыр шыққан Қарағанды жерінде қазір 8 майдангер қалған. Олардың қайсымен тілдессең де, айтар тілектері бір – Отанның амандығы, елдің тыныштығы!
Жанбота Бейсембайұлы, Айнұр Бексұтланқызы, Қарағанды облысынан
Оқи отырыңыз: Алматыда зейнеткерлер арасында шахмат турнирі өтті