23 жастағы бойжеткеннің өлімі бойынша сот ісі басталды
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 23 жастағы Яна Легкодимованы өлтіру ісі қаралып жатыр. Тергеу нұсқасына сәйкес, қызды танысы сыбайласымен бірге өлтіріп, Жайық өзеніне лақтырған. Істі судья Зарема Каримқызы Хамидуллина қарап жатыр, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі «Ақ Жайық» басылымына сілтеме жасап.
2024 жылдың қазанында Атырауда болған осы қылмыс бойынша тергеу органдары тергеу жұмыстарын аяқтады. Қылмыстық іске байланысты екі жас жігіт айыпталуда: Құрманғазы ауданынан 24 жастағы инженер Ризуан Хайржанов пен 25 жастағы электрик Алтынбек Қатимов. Тергеу мәліметінше, адам өлтіру қылмысы алдын ала жоспарланып, ерекше қатыгездікпен жасалған.
Хайржанов Яна Легкодимовамен Атыраудағы Мұнай және газ университетінде оқып жүрген кезінде танысқан. Екеуінің арасында қарым-қатынас басталған, алайда жігіт сүйіктісі бар екенін Янадан жасырып жүрген. Бұл қарым-қатынас біраз уақыт құпия сақталған, бірақ кейін Яна оның опасыздығын біліп қояды. Осыдан кейін араларында жанжал басталып, Яна Хайржановтың сүйіктісіне бәрін айтып, қарым-қатынасты тоқтатқысы келген.
Әшкере болудан қорыққан Хайржанов Легкодимованы өлтіруді ұйғарады. Ол танысы Алтынбек Қатимовқа көмегі үшін 500 000 теңге ұсынады. Қатимов келіседі.
Олар «ВКонтакте» мессенджері арқылы қызды өлтірудің тұншықтыру, улау, өзін-өзі өлтірген етіп көрсету, балконнан итеру, суға батырып жіберу секілді түрлі жолдарын талқылай бастаған. Соңында тұншықтыру әдісінде тоқтаған. Сондай-ақ, олар қылмыстың ізін жасыруды, әсіресе Янаның телефонындағы хат-хабарларды өшіруді жоспарлаған.
Олар алғашқы әрекетін 18 қазанда жасаған. Хайржанов Янаны өз пәтеріне алып келген, ал ол жерде Қатимов тығылып отырған. Сол жерде олар қызды қорқытып, ешкімге тіс жармауын талап еткен. Алайда сол күні оны өлтірмей, Хайржанов Янаны үйіне апарып тастаған. Бірақ түнде олардың арасында тағы да жанжал шығып, Хайржанов Қатимовты қайта шақырып, екеуі жоспарларын іске асырады.
Яна көліктен түсіп кетпек болғанда, оны күшпен қайта ішке кіргізіп жібереді. Қызды Хайржанов өз қолымен тұншықтырып өлтіреді. Кейін қылмыскерлер оның ұялы телефонын алып, Талдыкөл ауылына қарай жол тартады. Сол жақта Янаның денесін Жайық өзеніне лақтырып жібереді.
Кейін олар қалаға оралып, тергеу деректеріне сәйкес, болған қылмысты «атап өту» үшін барға барған.
Сегіз ай өткен соң, биылғы 20 маусымда Жайық өзенінің жағасынан адам сүйектері табылды. Сараптама олардың Янаның денесі екенін анықтады. Анасы қызын Батыс Қазақстан облысында жер қойнына тапсырды. Сүйектердің ыдырап кетуіне байланысты өлім себебін анықтау мүмкін болмағанымен, сот-медициналық сарапшылар мәйітте өлімнен кейінгі зақымдану іздерін тіркеген.
Ризуан Хайржановқа ҚР ҚК 99-бабы 2-бөлігінің 7-тармағы бойынша («Алдын ала сөз байласу арқылы адамдар тобы жасаған адам өлтіру») және 188-баптың 2-бөлігі 1-тармағы бойынша («Ұрлық») айып тағылып отыр. Ал Алтынбек Қатимовқа 99-баптың 2-бөлігінің 7 және 8-тармақтары («Сөз байласу арқылы және жалданып адам өлтіру») бойынша және сол бап бойынша ұрлық жасағаны үшін айып тағылды.
Оқи отырыңыз: Күнделік жазып жүрген: Атырауда кісі қолынан қаза тапқан бойжеткеннің денесі әлі табылмады