Жеке деректер тарады: мемлекеттік ақпараттық жүйелерге хакерлік шабуыл жасалмады

18.06.2025 16:37

Бұл мәліметтер бұрын жарияланған бірнеше дерекқордың біріктірілген нұсқасы болуы мүмкін 

Ақпараттық қауіпсіздік комитеті құқық қорғау органдарымен бірге жан-жақты тексеру жүргізіп жатыр. Елдің Цифрлық даму министрлігі әлеуметтік желіде 16 миллионнан астам қазақстандықтың жеке деректері тарап кетті деген мәліметке қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Әлеуметтік желіде ел азаматтарының жеке деректері тарады деген ақпарат қоғамда қызу талқыланып жатыр. Алаңдауға негіз жоқ деген министрлік өкілдері алдын ала жүргізілген сараптама нәтижесінде «мәліметтердің мемлекеттік емес, жеке ақпараттық жүйелерден алынуы мүмкін» деп отыр. Себебі мемлекеттік ақпараттық жүйелерден деректердің таралу немесе хакерлік шабуыл фактілері тіркелмеген.

«Бүгінгі таңда мемлекеттік ақпараттық жүйелерден дербес деректердің таралуы немесе хакерлік шабуылдар нәтижелері тіркелген жоқ. Тексеріс толық аяқталғанға дейін қандайда бір қорытынды жасау немесе ақпараттың шынайылығын растау әлі ерте. Министрлік жағдайды жіті бақылауда ұстап отыр. Қосымша ақпарат тексеру нәтижелері бойынша жарияланады», – деді ҚР ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитеті басқармасының басшысы Нұрбол Мұқашев.

Ал кибершабуылдарды зерттеу орталығының мамандары деректердің әлеуметтік желіге тарағанын растап отыр. Алайда қазір бұл ақпарат көздерінің өшірілгенін айтты. Олар бұл мәліметтер бұрын жарияланған бірнеше дерекқордың біріктірілген нұсқасы болуы мүмкін деген болжам жасады. Өйткені, тәжірибе көрсеткендей, хакерлер ескі ақпараттарды жинақтап, жаңадан тараған база ретінде көрсетіп, оны қымбатқа сатуға тырысады.

 «Қазір тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Біз кей мәліметтердің шынайылығын, ал енді бірінің жалған екенін анықтадық. Бұл ақпараттар - болжам бойынша, бұрын желіге тараған бірнеше дерекқордан жинақталып, біріктірілген база. Хакерлер әдетте осындай тәсілді қолданады.  Ескі, бұрын тараған деректерді жинап, оларды бір «жаңа» база етіп көрсетіп, қымбатырақ сатуға тырысады. Енді бұл жерде - жаңа деректердің таралуы емес, ескі базалардың құрастырылған нұсқасы деген болжам басым. Бірақ біз тергеуді жалғастырып жатырмыз. Бұл іске құқық қорғау органдары да қосылды. Алдағы бірнеше күнде бәрі белгілі болады», – деді Кибершабуылдарды талдау және зерттеу орталығының маманы Руслан Тұрғұлдинов.

Ал сарапшылардың айтуынша, жеке деректердің таралуына көбіне түрлі сайттарға немесе тамақ жеткізу сервистеріне тіркелген кезде ойланбай мәлімет енгізу себеп болады. Мұндай платформаларда азаматтар өзінің үйінің мекен-жайы мен телефон нөмірін қалдырып жатады. Көп жағдайда осындай сайттар хакерлік шабуылға ұшырап, ішіндегі мәліметтер ұрланады. Салдарынан ондағы деректер де тарап кетуі әбден мүмкін.

«Егер біреу қоңырау шалып, «сіздің атыңыз кім еді?» десе, бірден тұтқаны қойыңыз. Олар сіздің мәліметтеріңіз бар базаны сатып алып, соны нақтылап жатыр. Сіз жауап берген сайын  олар базаның жаңарып-жаңармағанын тексереді. Сондықтан егер мүмкіндік болса, екі түрлі нөмір пайдаланыңыз. Біреуі тек жақындарыңыз білетін, маңызды істер үшін. Екіншісі  түрлі сайттарға тіркелу үшін, яғни ашық нөмір. Сонда дерек тараса да, сіздің негізгі нөміріңіз бен жеке деректеріңіз ұрланбайды», – деді киберқауіпсіздік сарапшысы Мұрат Кенебаев.

Министрліктің мәліметінше, егер азаматтың дербес деректері таралған базалар арасында болса, бұл туралы электрондық үкімет порталындағы жеке кабинеті арқылы хабарлама келеді. Ал азаматтар өз деректерінің таралған-таралмағанын алдын ала білгісі келсе, eGov порталындағы NomadGARD сервисі арқылы тексере алады.

Мәди Бижан, Нұрлан Өтеген, Әлихан Өтеген, Астана

Оқи отырыңыз: Биыл Алматыда 20 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылды