Жол саласында еңбек ету – жауапты іс: Алматыда мамандықтар жәрмеңкесі өтті

18.07.2025 15:06

Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарға бағыт-бағдар беру, олардың мамандық таңдауына қолдау көрсету

Almaty.tv

Алматы қаласының Түрксіб ауданында жастар мен жұмыссыз азаматтарға арналған мамандықтар жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бұл іс-шараның басты мақсаты – жастарға бағыт-бағдар беру, олардың мамандық таңдауына қолдау көрсету және еңбек нарығындағы сұранысқа ие салалармен таныстыру.

Аталған жәрмеңкеге «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК Алматы қалалық филиалының мамандары да белсене қатысты. Филиалдың инженері Досжан Сұрапбергеновтің айтуынша, соңғы жылдары жол саласына қызығушылық танытатын жастардың қатары артып келеді.

"Бүгін Түрксіб ауданында ұйымдастырылған мамандықтар жәрмеңкесіне қатыстық. Келушілердің басым бөлігі – жұмыс іздеп жүрген жастар мен жоғары сынып оқушылары. Біз оларға мекемеміздің қызметі мен жол саласының ерекшеліктері туралы кеңінен айтып бердік. Қазіргі таңда жол құрылысы саласында білікті мамандар тапшылығы сезіледі. Сондықтан осындай кездесулер арқылы мектеп түлектері мен студенттерді жол инженері, зертхана маманы сияқты нақты кәсіпке бағыттауға тырысамыз", – дейді инженер.

Жол саласы – мемлекеттің инфрақұрылымын қалыптастыруда маңызды рөл атқаратын жауапты сала. Мұнда еңбек ету үшін тек теориялық білім емес, жауапкершілік, тәртіп және табандылық та қажет. Осындай іс-шаралар арқылы жастардың дұрыс таңдау жасауына ықпал етіп, еліміздің дамуына үлес қосатын кәсіби мамандар тәрбиелеуге жол ашылады.

Оқи отырыңыз: Алматыда қиын жағдайға тап болған 652 азаматқа қолдау көрсетілді