ЖРВИ: СҚО-да үш мыңнан аса адам індетке шалдыққан

Мамандардың сөзінше, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Солтүстік Қазақстанда жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырғандар саны артты. Соңғы бір аптаның өзінде үш мыңнан аса адам індетке шалдыққан, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Петропавлда соңғы бір айда ауа райы күрт суытып, сынап бағанасы + 5, ал түнде - 1 градусқа дейін төмендеген. Алайда қаладағы пәтерлерге жылу әлі толық беріле қоймады. Салдарынан, тұрғындар «жиі ауыратын болдық» дейді.

«Пәтер іші суық. Салдарынан қайта-қайта суық тиіп, ауырып жатырмыз. Иммунитет түсіп кетті. Ауырып жүрсек те, жұмысқа шығуға мәжбүрміз. Кеңсе де, дала да салқын», – деді облыс тұрғыны Олег Фурсов.

«Жасым 87-де. Зейнеттемін. Күнделікті ем алуға барамын. Суық тиіп, бронхит болдым. Қыс басталмай жатып, ауырып жатырмыз. Қиын болды», – деді облыс тұрғыны Валентина Байканова.

Облыста былтырдан бері 106 мың адам вирус жұқтырған. Дені 14 жасқа дейінгі балалар. Оларды оқшаулау мақсатында мектептер онлайн режимге ауысқан. Мұнымен қоса, екпе салу да жүргізіліп жатыр.

«Қазір сырқаттың алдын алудың тиімді әдістерінің бірі – вакциналау. Вирустық инфекцияға қарсы екпе аурудың асқынуынан, ауруханаға жатқызудан және өлімнен қорғайды. Індет жұқтырғандардың ішінде 14 жасқа дейінгі 32 бала мен төрт жүкті әйел бар. Олардың ешқайсысы екпе алмаған. Сондықтан біз иммундау науқанын мұқият жүргізіп жатырмыз», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Әсет Жұматаев.

Дәрігерлер «екпе алғандар жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтырмайды» деген түсінік те қате екенін айтты. Сөзінше, әрдайым қарапайым сақтық шараларын ұстану керек. Ал әкімдік өкілдері қалаға жылу кезең кезеңімен беріліп жатқанын жеткізді.

Диана Тұрлыбек, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан

Оқи отырыңыз: Заңсыз құжат, жалған есепшот: Астанада бір топ азаматқа қатысты үкім шықты

Новости партнеров