Жылыту маусымы: тұрғындар істі аяқсыз қалдырған мердігердің жұмысына наразы

Қаладағы Жароков көшесінің бойында орналасқан 11 үйдің тұрғындары дабыл қақты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының мыңнан аса тұрғыны жылу маусымын жылусыз бастамақ. Бостандық ауданы, Жароков көшесінің бойында орналасқан 11 үйдің тұрғындары дабыл қағуға мәжбүр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл аумақтағы жылу желілері осыдан 60 жыл бұрын қолданысқа берілген. Тозығы жеткен құбырды ауыстыру үшін мердігер компания анықталып, биыл мамырда жұмыс басталған. Алайда көпшілік ойлағандай болмады.

"Әлі ештеңе істемеді. Құбырлар тартылмаған. Жароков 205 мекен-жайы бойынша біздің үйде жылу жүйесі атымен жоқ. Ал жертөледегі құбырлар мүлде іске жарамайды. Ертең жылу берілген күннің өзінде, жарылып, қауіпті еселеуі ғажап емес", – деді қала тұрғыны Ирина Крылова.

Ал мәселені жауаптыларға айтудан жалыққан олар істің уақытылы қадағаланбағанына наразы. Уақытша құбыр арқылы ыстық су алып отырған тұрғындар, ара-тұра оның да өшіп қалатынын айтты.   

"Біздің тұрғын үйде мүгедектер, зейнеткерлер, кішкентай сәбилер көп. Сондықтан үйді жылусыз қалдыруға болмайды. Мәселе оң шешімін табуы қажет", – деді қала тұрғыны Ирина Крылова.

Алматы жылу желілері ЖШС мамандарының бұл жағдайдан хабары бар болып шықты. Жауаптылар «түйіткіл мердігер компаниясының салғырттығынан туындады» дейді. Олардың сөзінше, тапсырманы орындаушылардың не себепті істі аяқтамай кетіп қалғаны белгісіз. Екі тараптың арасында қаржыға қатысты мәселе болмаған. Олқылықтың орнын толтыруға келген олар бұл нысанда 90 пайыз жұмыстың аяқталғанын жеткізді.  

Жылу желілерін қайта қалыпқа келтіру жұмысын өз күшімізбен бастап жатырмыз. Құбырларға қатысты мәселе жылу маусымы басталғанға дейін толықтай аяқталады. Ал одан кейін аулаларды тазарту және абаттандырумен айналысамыз. Тұрғындар еш уақытта жылусыз қалмайды", – деді   «Алматы жылу желілері» ЖШС техникалық директоры Әлжан Темірхан

Аула 5 айдан бері қазылып жатыр. «Қарттарымыз жүруден, балаларымыз алаңсыз ойнаудан қалды» деген олар өмірге қауіп төндіретін темір-терсектің түр-түрін шашылып жатқанын айтты. Тұрғындар жұмысқа салғырт қарағандарға жаза қолданылып, істің тезірек аяқталуын қалап отыр.

Тапсырманы орындауға пәрмен берген жауаптылар, істі аяғына жеткізбегендерге шара қолданып, соттың көмегіне жүгінбек.

Рүстем Айткәрім, Ғани Қалуов

Оқи отырыңыз: Баланың еміне ақша жинаймын: Шымкентте 23 жастағы алаяқ ұсталды

Новости партнеров