Зиялы қауым өкілдері алдағы Құрылтай сайлауына қатысуға шақырды

04.08.2026 18:28

«Құрылтай – бірлік пен әділдіктің, парасат пен елдік мұраттың алтын арқауы. Ол  – қоғам мен мемлекет арасындағы байланысты нығайтып, әрбір азаматтың құқығын қорғайтын, ел тағдырын шешуде маңызды рөл атқаратын алаң. Сондықтан сайлауға қатысып, дұрыс таңдау жасау – бәріміз үшін ортақ міндет болмақ». Профессорлар мен оқытушылар қауымы алдағы саяси науқанға қатысты осындай пайымды пікірін айтты, деп хабарлайды Аlmaty.tv

Зиялы қауымның сөзінше, саяси күні болашағымызға бей-жай қарамай, «жұмылған жұдырықтай» ауызбіршілік таныту қажет. Себебі қуатты мемлекет бірлігі мығым халықтан басталады

«Қазыбек би «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп, ынтымақтың құнын ұрпаққа аманат етті. Бүгінгі Құрылтай – осы бабалар аманатының заңды жалғасы. Бұл – елдің сөзін сөйлейтін, халықтың мұңын тыңдайтын, мемлекетіміздің болашағына бағыт-бағдар беретін маңызды мінбер. Ендеше бабалар жолынан жаңылмайық! Бірлігімізді бекемдеп, татулығымызды сақтап, Құрылтайдың әрбір игі бастамасын қолдайық», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ қауымдастырылған профессоры Динара Басқанбаева.

Еске сала кетейік, елдегі маңызды саяси науқан – Құрылтай құрамын сайлауға 20 күндей уақыт қалды. Ал 23 тамыз – халық жаңа таңдау жасайтын тарихи күн. Бұл ретте, жоғары оқу орнының ұстаздары бір палаталы Құрылтайға көшудің тиімді тұстарына тоқталды. Айтуынша, бұл – қалыптасқан тәжірибеден бас тарту емес, заң шығару билігін заман талабына сай жаңғыртуға бағытталған маңызды қадам.

«Бұрын екіжақты Парламент болса, қазір бірыңғай Құрылтайда алыс-тартыссыз, бәрі бірігіп, заңды қабылдайды. Цифрлық заманда Құрылтай – дұрыс шешімнің нәтижесі. Халық болып бірігіп, қолдап, 23 тамызда сайлауға қатысайық», – деді Қ. И. Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ Көлік және логистика мектебінің директоры Сейдулла Абдуллаев.

Оқи отырыңыз: Жастардың саяси белсенділігі мен сайлауға қатысуының маңызы талқыланды