Жиырмасыншы ғасырдың Гомері: Жамбыл ауданында ақын мерейтойы атап өтілді

50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, 25 мыңға жуық адам қатысты

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жиырмасыншы ғасырдың Гомері – Жамбыл Жабаевтың туғанына 180 жыл. Алматы облысы Жамбыл ауданында қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, ұлы ақын, өлең сөздің дүлдүлі Жамбыл Жабаевтың мерейтойы кең көлемде атап өтілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Жамбыл Жабаев – қазақ ауыз әдебиетіне, ақындық пен айтыс өнеріне, ұлт руханиятына зор үлес қосқан абыз жырау. Ғасырға жуық ғұмыр кешкен ол бірнеше тарихи кезеңнің куәсі болды. Ұлы ақынның 180 жылдығына орай Жамбыл ауданында дүбірлі той өтті. Іс-шараға облыс әкімі, мемлекет және қоғам қайраткерлері, депутаттар, ақындар мен аудан тұрғындары қатысты. Жиынға арнайы келген Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқыды.

«Халқымыздың біртуар перзенті айтыс өнерінің өрісін кеңейтуге, эпикалық дәстүрді жаңғыртуға, қазақ-қырғыз әдеби байланысын нығайтуға өлшеусіз үлес қосты. Өз дәуірінің тыныс-тіршілігін асқан шеберлікпен суреттеп, жұрттың ыстық ықыласына бөленді», – деді ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев

«Жамбыл – қазақтың сөз өнерінде айрықша орны бар дара тұлға. Атақты Сүйінбай Аронұлынан бата алған ақын ғасырға жуық ғұмырында елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, ұлт мұратын жырына арқау етті. Жамбыл бабамыздың есімі уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай беретін рухани құндылық», – деді Алматы облысының әкімі Шыңғыс Әрінов

Алатау баурайындағы мерейтой ауқымымен ерекшеленді. Мұнда 50-ге жуық ақшаңқай киіз үй тігіліп, 25 мыңға жуық адам қатысты. Сондай-ақ сахналанған қойылымдар көрсетіліп, эстрада жұлдыздарының қатысуымен гала-концерт өтті. Бұдан бөлек, қонақтар ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсіп, «Көкбастау» атшабарында бәйге ұйымдастырылды.

«Өте күшті, көңілді. Жиналған қалың халық, концерт болып жатыр. Күннің өзі қандай керемет! Өте қуаныштымыз. Әдейі осы тойға келдік», – деді  Астана қаласының тұрғыны Ғалия Тілендиева.

Мерейтой соңында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында ауқымды тазалық жұмыстары жүргізілді. Науқанға еріктілер, жастар мен тойға жиналған көпшілік атсалысып, 10 гектардан астам аумақтан 7 тоннаға жуық қоқыс шығарды.

Олжас Омарбек, Әлішер Ерғалиұлы, Алматы облысы.